Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Әбілқайыр мен сол соттың хатшысы Рақышовқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады, деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.
Әбілқайыр жер телімінің шекарасын анықтауға байланысты азаматтық іс бойынша оң шешім қабылдауы үшін делдал Рақышов арқылы алдын ала келісілген 10 мың АҚШ долларынан 3 мың АҚШ долларын пара ретінде алды деп күдіктелді.Бұл факт сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ішкі қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімімен бірлесіп анықталды.
Осы жылдың 8 қарашасында Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық сотының үкімімен Әбілқайыр 45 459 600 теңге көлеміндегі айыппұлға сотталды. Осы үкіммен Рақышовқа 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Аталған тұлғалар өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымдар атқару құқығынан айырылды.