Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Туған жерім Сыр бойы, оның ішінде Шиелі ауданы болғандықтан осында болып жатқан мәселелерге бей-жай қарай алмаймын. Шиелі ауданына жаңа әкім тағайындалды, деп жазды Facebook-тегі парақшасында Сенат депутаты Мұрат Бахтиярұлы.
Бұл азаматтың қызметіне қарасам құқық қорғау саласында ғана қызмет жасап, соңғы уақытта ғана облыс әкімшілігінде шамалы істеген екен. Сексен мыңнан астам халық тұратын ауданға әкім болу оңай шаруа емес. Кезінде облыс әкімдері болып қызмет жасаған Б. Сапарбаев, онан кейін И. Адырбеков маған үлкен департамент лауазымдарын ұсынғанда мен әлі дайын емеспін деп бас тартқанмын. Қазіргі таңда көптеген азаматтарымыз ешнәрсе білмесе де кеудесін ұрып мен дайынмын деп тұрады.
Аудан әкімі бесаспап, яғни шаруашылықтың барлық саласын, ішкі саясатты, білім, денсаулық, мәдениет, діннен хабары болуы керек. Ең бастысы халықпен тіл табысатындай қабілеттің болуы қажет.Бұл азамат мықты заңгер болар, бірақ айтылған салаларды біледі деп айта алмаймын. Құқық қорғау саласынан зейнетке шыққан азаматтың мұндай лауазымға тағайындалғанына ақыл жетпейді. Елордадағы Орталық атқарушы органдарда, парламентте небір мықты жас буын сырбойлылық кадрлер бар екенін көріп жүрміз. Бірақ оларды ешкім көрмейді.
Кезінде Қ. Көшербаевқа да олар туралы ақпарат бергенмін. Әрине, кадр тағайындау облыс әкімдігінің құзіретіне жатады. Біз араласа алмаймыз, бірақ пікірімізді айтуға құқымыз бар. Облыс әкімінің ең негізгі тірегі - өз орынбасарлары мен аудан әкімдері екені сөзсіз. Сондықтан да соңғы кездері облысымыздағы кадр саясатына байланысты қоғам тарапынан жиі көтеріліп жүрген мәселелердің негізсіз емес екендігін айтқым келеді. Дәрігерлер қан айналымы нашарласа қан ауыстырып құяды, бұл қан айналымына жақсы әсер етеді. Қоғамда өкінішке орай бұл процесс өте баяу жүруде. Бізге де жаңа мықты мамандар(қандар) керек. Бірақ оны кім құяды???, - деп жазды сенатор.