Аудан әкімі кәсіпкерден 7 млн теңге пара алған

4 Шілде 2019, 12:41
3050
Бөлісу:
Аудан әкімі кәсіпкерден 7 млн теңге пара алған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент директоры Арман Бердалин агенттікте өткен брифингте Қостанай облысы Әулиекөл ауданы әкімінің парамен ұсталғанын мәлімдеді.  

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті Қостанай облысы Әулиекөл ауданы әкімінің пара алу фактісін анықтады. Ол кәсіпкерлік субъектісінен мектеп ғимаратын күрделі жөндеуге арналған мемлекеттік сатып алулар туралы шарт бойынша ортақ қамқорлық пен атқарылған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қоюы үшін делдал арқылы 7 млн теңге сомасында пара алды деп күдіктелуде», - деп мәлімдеді департамент директоры.

Бердалиннің айтуынша, ұсталғаннан кейін әкім бұл соманы ерікті түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлеріне тапсырған. 

«Әкім кінәсін толық мойындап, сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу тәртібін сұрады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына орналастырылған. Бұлтартпау шарасы қарастырылуда. Тергеу амалдары жалғасуда. Күдіктінің кінәсін анықтайтын соңғы үкімді сот шығарады», - деп сөзін түйіндеді Агенттік өкілі.

Департамент директоры осыған дейін білім министрінің көмекшісі пара алды деген күдікке ілінгенін хабарлаған болатын.

Өзгелердің жаңалығы