Бұл туралы Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, бүгінгі күнде автокөлік жиналатын үш мыңнан астам күрделі жол учаскелері анықталған.
Негізінен қар үйінділерінің салдарынан Абай, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында машиналардың жиналуы байқалады. Өткен жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, негізінен қарлы тұтқынға дауыл туралы ескертулерді елемейтін, сондай-ақ жазғы дизельдік жанармайды пайдаланатын жүргізушілер түседі. Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексінің 667-бабына сәйкес бұзушыларға бірінші рет 30 АЕК, яғни 103 500 теңге айыппұл салынады немесе бес тәулікке дейін, ал бір жыл ішінде қайта «бағынбағаны» үшін – жиырма тәулікке дейін қамауға алынады, - деп атап өтті ведомство өкілі.
Сонымен қатар вице-министр тәртіпке бағынғысы келмеген қанша адамның жауапкершілікке тартылғанына тоқталды.
Жыл басынан бері көрсетілген норма бойынша әкімшілік хаттама жасалуымен 8 адам жауапкершілікке тартылды. Атап айтсақ, Қарағанды облысынан - 5, Абай облысынан - 2, Ақмола облысынан – 1 адам, - деді Ибрагим Күлшімбаев.