Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды және Қостанай облыстарының шекара аумағында бірнеше күн бойы ер адамды іздестіру жұмыстары жүргізілді. Ол 20 ақпанда Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Берәлі қыстағынан мал іздеуге шығып, қайтып оралмаған.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына Қарағанды және Қостанай облысының ТЖД, полиция бөлімшелері, шопанның туыстары жұмылдырылды. ҚР ТЖМ Қазавиақұтқару тікұшағы да іздеу жұмыстарына қосылды.
Іздеу жұмыстары ауа райының қолайсыздығына байланысты қиынға соқты. Бүгін, 27 ақпан, Ұлытау ауданы аумағында аэровизуалды тексеру кезінде Қазавиақұтқару экипажы жоғалып кеткен адамды жазық даладан тірі күйінде тауып, жалпы тоңазу диагнозымен медициналық мекемеге жеткізді.
Тағы бір жоғалған адам Шет ауданынан табылды. 24 ақпанда Қызылтау ауылының қыстағынан малшы мал жаюға шығып, қайтып оралмаған. Бүгін, 27 ақпанда ТЖД бөлімшелері мен жергілікті тұрғындар құрамындағы іздестіру тобы ер адамды малмен бірге қыстақтан 20 шақырым жерден тапты.
Өкінішке қарай, Жезқазған өңірінде жүргізілген іздестіру-құтқару операциясы адам денесін табумен аяқталды. 24 ақпан күні Кеңгір ауылдық округінің Аралтөбе қыстағынан шыққан ер адам жоғалып кеткен.
Іздестіру жұмыстары ТЖД, полиция бөлімшелерінің және жергілікті тұрғындардың күшімен жүргізілді. 27 ақпанда іздеу тобы жоғалған адамның денесін қыстаудан 2 км қашықтықта тапты, - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, 24 ақпаннан бастап ауа райының нашарлауына байланысты Қарағанды облысының аумағында бірқатар авариялық-құтқару және іздестіру жұмысы жүргізілді.
24 ақпанда Жангелді ауылдық округіндегі қыстақтан трактормен шығып кетіп, қайтып оралмаған әкесі мен ұлы 25 ақпанда Ұлытау ауданынан табылды.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына ТЖД, полиция бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы органдардың, жергілікті тұрғындар мен ұйымдардың күштері тартылды.
25 ақпанда іздеу тобы жоғалған адамдарды шығу орнынан 18 км қашықтықта тапты. Ауа райының қолайсыздығына байланысты ер адамдар адасып, көрші қыстауда қалып, ауа райының жақсаруын күтуге шешім қабылдаған болып шықты. Табылған адамдарға медициналық көмек қажет болмады.
26 ақпанда Шет ауданында далада 25 ақпанда жоғалып кеткен ер адамның денесі табылды.
Өткен күндері облыстың автожолдарында ауа райының қолайсыздығы кезінде барлығы 79 адам құтқарылды.
Адамдарды құтқаруға көп жағдайда құтқару техникасының: жол талғамайтын көліктердің, жүріп өту мүмкіндігі жоғары автомобильдердің, тікұшақтардың болуы ықпал етті. Жыл сайын құтқарушылар паркі республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен жаңартылады.
Қарағанды облысының ТЖД ауа райы нашарлаған кезде елді мекендерден тыс жерлерге жаяу және жол жүруден бас тартуды, ауа райының өзгеруіне сәйкес киінуді ұсынады. Барлық оқыс оқиға мен ТЖ фактілері туралы 112 немесе 8(7212)43-36-36, 43-37-37 телефондары бойынша хабарласуға болады, - делінген хабарламада.