Бүгін, 6 ақпан сағат 19:00-ден бастап ауа райының қолайсыздығына байланысты бірнеше республикалық маңызы бар автожолдарда жолаушылар тасымалдайтын рейстік автобустар мен жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақмола облысы
- «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолының 16-200 шақырым аралығы (Астана – Павлодар облысының шекарасы) жабылады.
Павлодар облысында
Осы бағыттағы автожолдың 200-431 шақырым аралығы (Ақмола облысының шекарасы – Атамекен ауылы) бойынша қозғалыс тоқтатылады.
Жамбыл облысы
- «РФ шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы» автожолының Қордай асуының жаңа айналма жолындағы 159–238 шақырым аралығы (Кенен ауылынан Қайнар ауылына дейін) жабылады.
Аталған жол учаскелерін 7 ақпан сағат 08:00-де ашу жоспарланған.
Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысында 6 ақпан сағат 21:30-дан бастап «Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы» автожолының 1104–1191 шақырым аралығында (Глубокое ауылы – Шемонаиха қаласы) тіркемесі және жартылай тіркемесі бар жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылады.
Бұл жолды 7 ақпан сағат 09:00-де ашу көзделіп отыр.