Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ауа райына байланысты бірнеше облыста жол жабылды

Бүгiн, 21:23
209
Бөлісу:
 freepik
Фото: freepik

Бүгін, 15 қаңтар сағат 20:00-ден бастап ауа райының қолайсыздығына байланысты бірнеше облыстағы республикалық жолдарда қозғалыс шектелді. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар бірқатар автожолдарда жолаушылар тасымалдайтын рейстік автобустар мен дизель отынымен жүретін автокөліктердің қозғалысына уақытша шектеу енгізілді.

Атап айтқанда, шектеу Қостанай облысы аумағындағы «Астана – Атбасар – Жақсы – Рузаевка – Сарыкөл – Қостанай», «Мамлютка – Қостанай», «Қостанай – Әулиекөл – Сұрған» және «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» автожолдарының жекелеген учаскелерінде енгізілді.

Ауа райы қолайлы болған жағдайда жол қозғалысын 16 қаңтар күні сағат 10:00-де ашу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, ауа райының бұзылуына байланысты Павлодар облысында да дизель отынымен жүретін және қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу қойылды. Шектеу «Астана – Шідерті – Павлодар», «Павлодар – Шарбақты», «ҚХР шекарасы – Майқапшағай – Семей – Павлодар – РФ шекарасы» бағыттарындағы бірнеше республикалық маңызы бар автожолдарды қамтыды.

Бұл бағыттарда көлік қозғалысы 16 қаңтар сағат 09:00-де қайта қалпына келтіріледі.

Ал Қарағанды облысында Абай облысындағы ауа райының қолайсыздығына байланысты «Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғас» автожолының 217-320 шақырым аралығында жүк және қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу енгізілді.

Аталған жол учаскесін 16 қаңтар күні сағат 09:00-де ашу көзделіп отыр.

Өзгелердің жаңалығы