Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында егіс жұмыстарын оңтайлы ұйымдастыру туралы министрліктер мен әкімдіктерге тапсырма берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, Үкімет тарапынан егіс жұмыстарын оңтайлы ұйымдастыру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалды.
Ауқымды қаражат бөлінді. Шаруаларды материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету шаралары қабылданды. Енді алқап басындағы жұмыстарды уақтылы аяқтау керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Мемлекет басшысы өткен аптада егіншілермен болған кеңесте осыны ерекше атап көрсетті. Қазіргі таңда еліміз аумағында егін жинау жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Оңтүстік өңірлерде аяқталуға жақын. Алдын-ала нәтижелерге оң баға беріліп отыр. Ал, жанармай мәселесіне келсек, оның барлық қажетті көлемін қолданыстағы кестеге сәйкес жеткізу керек, - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сондай-ақ Үкімет басшысы ауа райының астық сапасына әсер етуі мүмкіндігін ескертті.
Күннің жауын-шашынды болуы және күрт суытып кетуі жұмыстың мерзімі мен астық сапасына кесірін тигізуі мүмкін. Е-Өтініш бойынша осы мәселеге қатысты қазірдің өзінде 500-ге жуық өтініш келіп түскен. Өтініштердің ең көбі – 300-ден астамы Қостанай облысының фермерлерінен келіп отыр. Олар астық кептіру жабдықтарын іске қосу және астықты сатып алу бағасына қатысты шағым айтуда. Сондай-ақ кептіру жабдықтарын газ жүйесіне қоса алмай жүр. Қостанай облысының әкімдігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселені шешуге жәрдемдесуі қажет, - деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ Премьер-министр әкімдіктерге Энергетика министрлігімен бірлесіп, алдын ала мәлімделген сұранысқа сәйкес астық кептіру үшін қосымша сұйытылған газ бен дизель отынын бөлуді тапсырды.
Жалпы солтүстік өңірлерде астық кептіру жұмыстарын басты назарда ұстаңыздар. Ауа райының бұзылуы егін жинау қарқынына, астықтың сапасы мен көлеміне әсер етпеуге тиіс. Экология министрлігі егіншілерге күнделікті ауа райы болжамы туралы ақпарат беріп тұрсын. Көлік желісінің қолжетімді болуын ерекше бақылауға алу керек. Астықты егіс алқабынан тиісті жеріне дейін жеткізуді жоғары деңгейде ұйымдастыру қажет. Қажетті көлемде вагондар паркін жұмылдыруды тапсырамын. Логистикада ешқандай іркіліс болмауға тиіс. Отандық өнімді өткізу мәселесінде де жүйелі тәсіл қажет, - деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар ол басты міндет – ішкі және сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілетті өнім шығару екендігін ескертті.
Жасанды интеллектті қолдану өнімді жинау, сақтау және техниканы басқару процестерін оңтайландыруға бағытталуы керек. Жалпы, цифрландыру азық-түлік қорларын дәл және уақтылы есепке алуды қамтамасыз етуі тиісү Өңір әкімдіктері көкөніс өнімдерінің негізгі түрлерін қажетті көлемде жеткізу үшін қыркүйек айының соңына дейін келісімшарт жасауды қамтамасыз етсін. Сауда министрлігі әкімдіктермен бірге баға саясатын реттеу үшін қолдағы барлық құралдарды іске қосып, бұл мәселені қатаң бақылауға алуы керек, - деді Олжас Бектенов.
Еске салсақ, Үкімет отырысында ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәбиев қыркүйек айына арналған ауа райы болжамын жариялап, қыркүйек соңында Қазақстанда жаңбыр мен аяз күтілетінін айтты.