Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өліммен аяқталған жол апатынан кейін мемлекеттік қызметке оралып, Сауда және интеграция министрлігі департаментінде басшылық қызметке тағайындалған Өскеменнің бұрынғы әкімі Қуат Тұмабаев Nur Otan партиясынан шығарылды.
Бұл туралы партияның Бақылау комитетінің төрағасы Артур Платонов хабарлады.
Платоновтың сөзінше, Қуат Тұмабаевтың Сауда және интеграция министрлігінің Экспортты ілгерілету департаментінің директоры лауазымына тағайындалуы саяси платформаның құндылықтары мен партия мүшесінің этика кодексіне қайшы келеді.
Бақылау комиссиясының ұсынысы бойынша Қуат Тұмабаев партияның беделін түсіргені үшін партиядан шығарылды, - деп жазды ол өзінің Facebook-тегі парақшасында.
Платонов Тұмабаевты Экспортты ілгерілету департаментінің директоры қызметінен босату туралы ұсыныспен министрлік басшылығының атына хат жолданғанын да айтты.
Еске салсақ, Тұмабаев Риддерде адам өлімімен аяқталған жол апатының куәгері болған еді. Жол-көлік оқиғасы 2018 жылдың 15 сәуірінде шамамен сағат 21.00-де болды. Кейінірек Өскемен әкімінің адам қаққан шенеуніктің көлігінде болғаны анықталды. Жол апатынан 18 жастағы Евгений Смольников қаза тапты. Евгений Смольниковтың әкесі іс бойынша объективті тергеу жүргізу үшін ел Президентіне үндеу жолдаған еді.
Қалалық соттың үкімімен Қуат Тұмабаев ӘҚБтК-нің «Міндетті сақтандыру бойынша шарт жасасудан жалтару» бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылды. Алайда сот сол кезде Өскемен қаласы әкімі көлік иесі болмағанын ескеріп, шешімнің күшін жойған. Кейіннен Қуат Тұмабаев Өскемен әкімі қызметінен кетті. Сөйтіп, биыл 21 сәуірде оның мемлекеттік қызметке қайта оралғаны белгілі болды. Сауда және интеграция министрлігінің ресми сайтында жарияланған мәліметтерге сәйкес, ол Экспортты ілгерілету департаментінің басшысы лауазымына тағайындалған.
Айта кетейік, жақында Қазақстанның мемлекеттік бас санитарлық дәрігері - ДСМ вице-министрі Ерлан Қиясовқа Nur Otan партиясы белгісін тақпағаны үшін сөгіс жарияланған болатын.