Атыраулықтар құжатсыз қаруларын тапсыруда

16 Сәуір 2019, 13:18
2387
Бөлісу:
Атыраулықтар құжатсыз қаруларын тапсыруда

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облыстық Полиция департаменінің мәліметінше, аймақта құжатсыз қаруды қабылдауға ҚР Ішкі істер министрлігінен 2 млн 700 мыңнан астам қаржы бөлінген.

10 сәуірден бастап өңірде халықта заңсыз сақталған атыс қаруларын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу акциясы басталды. Құжатсыз қару-жарағын әкеліп тапсырған азаматқа сыйақы беріледі. Полиция департаментінің хабарламасы бойынша, иір ойықты автоматтар – 250 мың, винтовкалар – 120 мың, жарақат салатын қарулар – 25 мың, граната, жарлғыш заттар 17 мыңға дейін екен.

Бүгінде акция басталғалы 20-ға жуық азамат құжатсыз қаруын әкеліп тапсырған. Алайда облыстық Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының қару айналымын бақылау тобы мамандарының айтуынша, оларға берілетін сыйақы көлемі арнайы сараптамадан соң белгілі болады.

«Бұл акцияның басты мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атыс қаруымен жасалатын қылмыстардың алдын алу. Акция басталғалы облыс бойынша 18 қару тапсырылды. Қазіргі таңда ол қарулар сараптамаға жолданды. Сараптама қорытындысынан соң азаматтарға төленетін қаражат көлемі белгіленетін болады. Шараның аяқталатын нақты уақыты белгіленбеген, Ішкі істер министрлігінен бөлінген қаражат толық игерілгенге дейін қабылдана беретін болады»,- дейді Атырау облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының қару айналымын бақылау тобының аға инспекторы Ерболат Жүсіпқалиев.

Айта кетейік, өткен жылы осындай акция барысында заңсыз 60-қа жуық қару-жарақ қабылданып, жойылған. Қазіргі таңда ресми дерек бойынша, облыста заңды тіркелген 7 мыңға жуық адамның 9 мыңнан астам қаруы бар.

Өзгелердің жаңалығы