Атыраулық жұмысшылар маңдай термен тапқан жалақысын ала алмай жүр

20 Маусым 2023, 21:52
947
Бөлісу:
Атыраулық жұмысшылар маңдай термен тапқан жалақысын ала алмай жүр
Фото: автордан

Компания басшыларының сылдыр сөзбен тойдырғандарына 8 ай болған. Құзырлы органдардан да қайыр болмай тұрғанын айтады. Ал берешегінен жалтарып жүрген директор, қазір қалалық мәслихат депутаты екен, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Жеңіс Өтемісов Маңғыстау облысының тұрғыны. Атырауға ат арылтып келген ол, «KazGroupPartners» серіктестігінде 2021 жылдан бастап 2022 жылдың қараша айына дейін «дәнекерлеуші» болып еңбек еткен. Кейін қысқарту болып, тұрақты жұмысынан қағылыпты. Адал қызмет еткен компаниясынан соңғы 3 айдың жалақысын ала алмай жүр. Жауаптылардан еш пайда жоқ деген азамат, БАҚ өкілдерінен көмек сұрауға мәжбүр болғанын айтады.

Осы уақытқа дейін күттік.Бірақ әлі күнге дейін еш жауап жоқ. Ай сайын алдап келді. Менің 6 балам, отбасым бар. 50-100 мың емес, менің өзіме 700 мың теңге қарыз. Бармаған жеріміз жоқ. Прокуратураға да, еңбек инспекциясына да шағымдандық. Бірақ бізді құр сөзбен алдаусыратады. Еңбек инспекциясының өкілдері компанияға айыппұл салдық дейді. Бірақ үлкен серіктестікке оны төлеп тастау түк емес. Сонда біздің құқығымыз неге тапталады? Жұмыс істеген уақытымыздың ақшасын қайтарып беруді талап етеміз, - дейді Ж.Өтемісов.

Жеңістен бөлек қысқартуға бас-аяғы 15 жұмысшы түскен. Солардың бәрі еңбек ақыларына әлі күнге дейін қол жеткізе алмай жүр.Сөздеріне сенсек, компания оларға 10 млн теңгеге жуық ақша қарыз екен. Қатарында мұнайлы өңірге Астана, Шымкент, Ақтөбе мен өзге қалалардан келіп еңбек еткендер бар көрінеді. 

Бүгін азаматтардың кейбірі компанияның қаладағы кеңсесіне жиналды. Наразы топпен кездесуге серіктестіктің бұрынғы басшысы, әрі қазіргі Қалалық мәслихат депутаты Рафик Сәрсенов келді. Халық қалаулысы берешектің жиналуына өзінің кінәлі еместігін айтады. Бірақ проблеманы ай соңына дейін реттеймін деп уәде берді.

Біз CCP компаниясына қосалқы мердігер болып қызмет жасадық.Ол серіктестік бізді берешегі бар деп негізсіз айыптап, ақша аудармай қойды. Азаматтардың жалақысы сол себепті кешігіп жатыр. CCP компаниясы қаржыны жіберсе, бұл қызметкерлердің де мәселесі шешіледі, - дейді Р.Сәрсенов.

Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Кемел Иманғалиевтың айтуынша, биылғы 9 қаңтарда «KazGroupPartners» мекемесінің 9 жұмысшысы Атырау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясына шағымданды. 

Олардың шағымы бойынша еңбек шартының келісімі тоқтатылған кезде тиісті төлеақылар аударылмаған. Азаматтардың шағымдары бойынша «KazGroupPartners»-ке тиісті тексерулер жүргізілді. Ол бойынша заңды тұлға әкімшілік жауапқа тартылды. Берешекті өндіру жөнінде нұсқама енгізілген болатын. Алайда аталған мекеме нұсқаманың мерзімінде орындамауына байланысты, құжаттар жиналып , жеке сот орындаушыға мәжбүрлі өндіртуге жіберілді. Қазіргі уақытта бұл кісілердің құжаттары жеке сот орындаушыда.Негізі еңбек заңнамасында тиісті төлемдер 3 жұмыс күн ішінде төленуі керек. Ол бойынша жауапкершілік көзделген. Бірақ бұл жерде заң сақталмай тұр. Ендігі жұмысты жеке сот орындаушы жүргізеді, - деді ол.

Қос компанияның коммерциялық келіспеушілігі кесірінен, азаматтардың әлі ақшаны қанша уақыт күтетіні белгісіз. Сол себепті мәселеге құзырлы органдар араласса дейді. Сот орындаушы да тиісті шараларды жедел атқарады деген үмітте. Проблема айдың аяғына дейін шешілмесе, тағы да жиналып, талаптарын тізбек.

Өзгелердің жаңалығы