Атырауда деструктивті діни ағым өкілі тұратын үйдің ауласынан марихуана табылды. Қазір сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, деструктивті діни ағым өкілінің бұрын сотталғаны анықталған.
Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері түнгі сағат 22:15 шамасында деструктивті діни ағымды ұстанатын 2000 жылғы тұрғынның Атырау қаласындағы үйінің ауласына тексеру іс-шарасын жүргізді. Тексеру кезінде жалпы салмағы 90,2 граммды құрайтын марихуана есірткі затын тәркіледі. Деструктивті діни ағым өкілінің бұрын сотталғаны анықталды, -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Полиция қызметкерлері аталған дерек бойынша ұсталған күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 296-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізіп жатыр.
Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.