Атыраулық тұрғын қызының өліміне дәрігерлерді кінәлайды

Кеше, 19:15
156
Бөлісу:
Атыраулық тұрғын қызының өліміне дәрігерлерді кінәлайды
Фото: BAQ.KZ архив

Атырауда жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген 5 жасар қыз медициналық мекемеде көз жұмды. Баланың анасы қызының өліміне дәрігерлерді кіналайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 


Әйгерім Хамидуллина қайтыс болған 5 жасар Жасминнің анасы. Сөзінше, 2025 жылдың 2 ақпан күні қызының жағдайы нашарлап, дереу жедел жәрдем шақырған. Сөйтіп ауруханаға жеткізіліпті. Бірақ ақхалаттылар жеткілікті деңгейде көмек көрсетпеді деп налиды. Дәрігерді біраз уақыт күтіп, жасалу керек әр процедураны өзі ескертіп отырғанын айтады.

Педиатрияда бізді бөлек палатаға орналастырды. Соның өзінде бізде дәрігер келіп болмады.Төсек орын алып келді. Балада қант 15 болса да асықпады. Монитор алып келді. Сатурация 100 процент деп тұрды. Пульс 137. Яғни тахикардия белгісі. Медбике ашуланып, дәрігер қазір келеді, жансақтау бөлімінде ол деп жекіді. Кейін телефон шалып, мамасы шыдай алмай жатыр, келіңіз деді. Баланың мазасы кетіп тұрды,-дейді Ә.Хамидуллина. 

5 жасар Жасмин сау бала болып дүниеге келген. Алғаш рет 1,5 жасында науқастаныпты. Ол уақытта Астана қаласынан ем алған. Содан бері үнемі денсаулығын анасы бақылауда ұстаған. Соңғы емдеген дәрігерлер "баламды өлтірді", дейді анасы. 

Система қоятын кезде жедел жәрдем қойған көбелек инені шығарып алды медбикелер. Сосын басқасы болмағаннан кейін соны қайта қояйын деп жатыр. Мен қарсы болдым. Басқа ине іздеп кетті. Оны 7 реттен кейін әрең салды. Жалпы система салғанша 3 сағат уақыт кеткен. Системаның ортасында бала талып құлады. Салған оттегі та дұрыс келмеген, өзім тексеріп көрдім. Жүрегі соқпай жатқанын байқадым. Жүрек массажын істеген кезде адреналин салмайсыздар ма деп те өзім айттым. Неге оның бәрін мен айтып тұруым керек. Өздері біліп бәрін жасаулары керек еді ғой,-дейді қыздың анасы Ә.Хамидуллина.

Мәпелеп отырған қызынан айырылып қалған ана жауаптылардың жазаланғанын қалайды. 

Дәрігерлердің салғырттығы, дұрыс мән бермеуі. Осылай мәпелеп ұстап отырған қызымды бір уақытта не істеді? Не система сонда ол, баланың одан әрі жүрегі соқпай қалатындай? Не құйды? Баланы сондай жағдайға жеткізу керек пе еді?,-деп көзіне жас алды Ә.Хамидуллина. 

Балалар ауруанасының өкілдері науқасқа тиісті деңгеде көмек көрсетілгенін айтуда. Айтуларынша қабылдау бөлімшесінде толық зерттеу жүргізіліп,  білікті мамандар қараған. Жан сақтаудың барлық шаралары жасалған.

Науқасқа толық көмек көрсетілді. Қабылдау бөлімшесінде толық зерттеу жүргізілді. Педиатр дәрігерлер қарады. Әрі қарай науқасымыз педиатрия бөлімшесінде қарқынды терапия бөлімшесіне ауыстырылды. Әрі қарай білікті мамандар қарады. Дефибрилятор бойынша айтсам, мұндай жағдайда қиын болса дефибрилятор қолданылмайды. Адреналин бойынша да өзінің жасалуы керек уақыты болады, солай жасалды. Науқасқа толық көмек көрсетілді. Жанын сақтап қалу амалдары жүргізілді,- деді Атырау облыстық балалар ауруханасы директорының уақытша міндетін атқарушы Бауыржан Қыдырғалиев. 

Атырау қаласының полиция басқармасы бұл фактіге қатысты қылмыстық іс тіркелгенін айтты. Тергеу амалдары жүргізіліп, тиісті тексерулер жасалуда.

Аталған дерекке қатысты Атырау қалалық полиция басқармасында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 317-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс тіркеліп, кешенді талдау амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды,- деді Облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Тергеу процесінің қанша уақытқа созылатынын белгісіз. Істің ақ қарасы тергеу мен тексеру амалдары аяқталғаннан кейін белгілі болады. 

Өзгелердің жаңалығы