Атыраулық шенділер арбамен қала аралады

14 Қазан 2022, 20:03
1382
Бөлісу:
Атыраулық шенділер арбамен қала аралады
Фото: автордан

Атырау облысында әлі күнге дейін пандустардың проблемасы өзекті, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Әлеуметтік нысандарда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тиісті жағдай жасалмаған. Сол себепті облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы және өзге бірнеше мекеме өкілдері бар арнайы мониторингтік топ өкілдері арнайы рейд ұйымдастырды.

Мониторингтік топ ең алдымен теміржол вокзалына барды. Мүгедектердің арбасына отырып перронға дейін бөгде адамның көмегінсіз көтеріліп көрген Азамат Мәмбетов, шынымен де бұл жолмен жүру мүмкін еместігін мойындады.

 Шынымен де арбаға таңылғандарға еркін қозғалуға мүмкіндік жоқ екен. Екінші қабатқа көтерілетін арнайы пандус жоқ. Сол себепті мүгедек жандар перронға даламен айналып баруға мәжбүр. Арбаны жүргізген жанның қолы талады. Мүгедектерге қолайлы орта қалыптастыруымыз керек. Мониторингтік топты құрудағы мақсатымыз да сол,- дейді А.Мәмбетов. 

Басқарма басшысының сөзінше вокзал басшылығына осыған дейін бірнеше мәрте ескерту берілып, айыппұл салынса да, құлақ асар ешкім жоқ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментіне келіп түсетін арыздардың шегі жоқ. Кезекті наразылықтың негізінде Теміржол вокзалы басшылығының үстінен әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынады. Еш нәтиже болмаса, іс сотқа жолданатын көрінеді.

Өздігінен жүріп-тұруы қиын жандарға атобекетте де дұрыс жағдай жоқ. Жауаптылар қазір мүгедектерге арналған пандусты жол жиегіне дейін ұзартып, қайта салу жағын жоспарлап жатқандарын айтты.

Мониторингтік топ өкілдері, Х.Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайына да барды. Бұған дейін белсенділер бұл нысанды да сынаған. Қазір келеңсіздіктер жойылыпты. Мүмкіндігі шектеулі жандар олқылықтың қысқа уақытта жойылғанына алғыстарын білдірді. 

Өзгелердің жаңалығы