Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атыраулық полицейлер Қуандық Сүйіндіков пен Тимур Балмағанбетов бүгінгі күннің қаһармандары. Олар Жайық өзеніне батып бара жатқан екі жасөспірімді құтқарып қалған еді.
Аға лейтенант Тимур Балмағанбетов Атырау қаласы Томарлы селосының учаскелік инспекторы. Ішкі істер саласында 3 жылдан ері еңбек етеді. Жас полицей өзін қаһарман санамайды. Бұл азаматтық, әрі қызметтік борышым дегенді айтты.
Балалардың жан даусы шығып жатқанда, біз өз өмірімізді ойлаған жоқпыз. Қаһарманмын деп айта алмаймын. Бұл менің міндетім. Ал оқиғаны әріптесім Қуандық айтып береді. Мен көп сөзге жоқпын, - деп күлді ол.
Қуандық Сүйіндіков ішкі істер саласында 2013 жылдан бері қызмет атқарады екен. Атырау облысы Қызылқоға ауданында туып өскен. Қазір Атырау қаласы Томарлы селосының учаскелік инспекторы. Ол сол күнгі оқиғаны әңгімелеп берді.
Әріптесі Тимур екеуі кезекшілікпен қала ішін торуылдап жүрген. Радио қабылдағыш арқылы балалардың жоғалғандығы туралы хабарлама түскен. Жедел сол аймақтан іздестіру жұмыстарын бастап кеткендерін айтты. Алайда, дала қараңғы, күн тұман болып, балаларды іздеу қиын болғанын жасырмады.
Қаңтар айының 4-і күні кешкі сағат 19.40-20.00 шамасы. Балалардың жоғалған аймағы бойынша іздеуді бастадық. Көлікпен бару мүмкін болмады. Жайықтың жағасын жаяу бойлап біраз жүрдік. Дала да қараңғы. Бір мезгілде Жайықтың орта жағынан "құтқарыңдар, көмектесіңдер" деген дауыс шықты. Дала тұман. Түк көрінбейді. Қызметтік бейнежетонымызды қостық. Мұз үстінде балалардың даусымен ғана келеміз. Айнала мүлде көрінбейді. Екі-үш метр қалғанда, ғана көрдік. Мұз опырылып кеткен. Балалардың денесінің 80 пайызы суда тұр. Мұзды қармап, ілініп тұр екен. Жедел құтқаруға әрекеттендік. Жорғалап бардық. Тимур аяғымнан ұстады. Екі баланы солай судан алып шықтық. Жасөспірімдердің айтуларынша, бір бала суға батып кеткен. Өкінішке қарай, оны құтқару мүмкін болмады. Ал бірі өз еркімен шығып, көмекке кетіпті, - деп Қуандық Сүйіндіков сол күнгі болған жағдайды тағы бір есіне алды.
Екі жасөспірімді жағаға шығарып, су киімдерін шешіп, қос полицей өздерінің киімдерін кигізген. Көп ұзамай құтқарушылар да келген.
Қызмет барысымда мұндай жағдай алғаш емес. 2015 жылы желтоқсан айында өзіне қол жұмсамақ болып, қала көпірінен секіріп кеткен қыз баланы судан алып шыққан едік. Ішкі істер саласында жүрген қызметкерлердің барлығы да жұмыс барысында өз өмірлерін қауіп-қатерге тігеді. Тіпті, жанын қиып жатқандар бар. Біз таңдаған мамандық елге қызмет ету, халықты қорғау. Сондықтан бұл ерлік емес, біздің борышымыз. Барша әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құтықтаймын!, - деп полиция капитаны Қуандық Сүйіндіков сөзін аяқтады.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Атырау қаласы полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторлары, полиция капитаны Қуандық Сүйіндіков пен полиция аға лейтенанты Тимур Баймағанбетов "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды. Қос батырға төс белгіні Жеңіс мерекесі қарсаңында ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев табыстаған еді.