Атыраулық кәсіпкер жертөлені заңсыз бұзған

3 Қараша 2022, 18:25
4779
Бөлісу:
Атыраулық кәсіпкер жертөлені заңсыз бұзған
PHOTO
Фото: автордан

Атыраулық кәсіпкер С.Бейбарыс көшесінде орналасқан тұрғын үйдің жертөле қабатын тиісті мекемелерден рұқсат алмай, заңсыз бұзған, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бизнес иесі баспананың жертөле қабатын 2018 жылы сенімгерлік басқаруға алыпты. Кәсібін дөңгелетпек болған ол, үйдің бір қабырғасын еш рұқсатсыз бұзып тастапты. Салдарынан 1,2 қабаттағы пәтерлердің іші салқындап, қабырғалары жарыла бастаған. Кәсіпкердің бұл әрекетіне наразылық танытқан пәтер иелері құзырлы органдардан көмек сұрайды.

Атыраулық кәсіпкер жертөлені заңсыз бұзған

Алғашында біз олардың рұқсаты бар болар деп ойладық. Құрылыстың дауысы шыққан уақытта көршілердің бірі жөндеу жүргізіп жатқан болар деп мән бермедік. Кейін анықтап қарасақ, жертөле қабаттың бір қабырғасын түгел бұзып тастаған. Олай болмайды ғой. Бізден рұқсат алмай ма? Тиісті мекемеден рұқсат алмай ма? Біз оған қарсымыз мысалы. Бізге тез арада мына қабырғаны жауып берсін, – дейді тұрғындардың бірі Жәнібек Төлешов.

Бұқара сөзіне сенсек, кәсіпкер бұл жерден тіс емханасын ашпақ болған. Қалай болғанда да қара суықта қабырғаны бұзған кәсіпкердің қылығы жұртқа жақпады.

Қабырғаның бұзылғанынан үйіміз салқындап кетті. Қырғын бала мен немере бар. Ауыра бастады. Күнімен-түнімен тарсыл. Қабырғалар жарыла бастады. Ертең бір күні үстімізге құласа не болады Астында қаламыз ғой. Біз бұл үйді алғашында жалға алдық, сатып алу құқығымен. Біздің үйіміз ғой. Рұқсат алу қажет. Мен да қарсымын мысалы, дейді қала тұрғыны Зита Сәрсенова.

Кәсіпкердің өзі жертөлені кеңейтіп, қандай да бір құрылыс жүргізуге рұқсат алмағанын, тиісті құжаттары жоқ екенін мойындайды. Алайда ақталып, сұхбат беруден бас тартты. Ал тұрғындардың өздеріне келеңсіздіктерді 2-3 күн ішінде жоямыз деген көрінеді. Тіпті пәтері сыз тартқан тұрғындардың кейбіріне жылыту пешін апарып берген екен.

Атыраулық кәсіпкер жертөлені заңсыз бұзған

Ал жауаптылар бизнес иесінің бұл қылығынан хабарсыз болған. Бұған дейін бейжай отырған мамандар тексерісті енді ғана бастаған.

Қазір бәрі ақпараттық технологияға көшті ғой. Біз өзіміздің лектронды базадан қарап, тексердік. Ол кәсіпкер құрылыс жүргізу бойынша еш рұқсат аламаған екен. Біз құзырлы органдарға тексеріс жүргізу үшін тиісті хаттама жолдаймыз, дейді Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы  Ғабит Балғужин. 

Тиісті басқарма өкілдері тіпті ол жертөле кімге тиесілі екенін де білмейді. Барлық мәліметпен тексеріс ашқаннан кейін ғана бөлісетінін мәлімдеді.

Біздер тексеріс ашып барамыз. Ол жерлі тексереміз. Егер заңсыз болса әкімшілік жауапқа тартылады,- дейді Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тимур Нұрбаев.

Айта кетейік, 6 қабатты баспанада 54 пәтер бар. Құрылысқа қарсы үй иелері әзірге кәсіпкер келтірген қолайсыздыққа шыдауға мәжбүр. Олар жауапты басқарма өкілдерінің уәдесінен үлкен үміт күтеді. 

Өзгелердің жаңалығы