Атырауда осыдан үш жыл бұрын жер телімін сатып алған 23 тұрғын учаскесінен айырылып қалды. Әкімдіктегілер ол аумақтар кезінде заңсыз сатылған деп сот арқылы қайтарып алған. Ақшасыз әрі жерсіз қалған қараша бұл мәселенің шешілгенін қалайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өз күштерімен арпалысып шаршаған тұрғындар бүгін облыстық сот алдына жиналды. Олар бірнеше жыл бойы мезі қылған проблемамыз шешілсін деп отыр. Жерді негізі желідегі жарнамалар арқылы тауып, 2022 жылы сатып алған. Қазір кейбірі ол аумаққа үй салып тастаса, енді бірі баспананың іргетасын қалауды бастаған.
Әрқайсымыздың сатып алған бағамыз әртүрлі. Кезінде 7,9,10 миллионға алдық. Құжатымыздың бәрі қолында. Барлық органдардан өткен, тіркелген. Енді келіп бізге жер заңсыз деп, тартып алып жатыр. Мемлекеттік органдардың кезінде қателік жібергені үшін неге біз жауапты болуымыз керек. Ол дұрыс емес. Соттастық. Қалалық сот біздің пайдамызға шешілді. Кейін қалалық әкімдік аппеляциялық шағым түсірген. Облыстық соттың отырысын бізге айтпастан, ескертпестен өткізген де, шешімді бізсіз шығарып жіберген. Біздің сөзімізді тыңдамады да сонда. Ол дұрыс емес. Біздің жерімізді қайтарсын дейміз. Осыған назар аударылуын талап етеміз, - дейді тұрғындардың бірі Анаргүл Бисенова.
Жер телімдері негізі "Атырау-2" ықшам ауданында орналасқан. Қаланың қақ ортасындағы учаске әу баста бизнес иесінің иелігінде болыпты.
Жеке өзім үй салып тастадым қазіргі таңда. Жерді сатып алуды былай қойғанда, құрылыстың өзіне қанша қаржы жұмсадым. Енді келіп, қанша еңбекпен салынған үйімізді бұзып, жерімізді біреуге бере салуымыз керек. Әрине оған келіспейміз. Әкім болсын, құзырлы органдар болсын наразылығымызды естімейді. Осы уақытқа дейін қанша рет жазсақ та, жәй ғана жаттанды сөздерімен құтылады. Қала әкімі жергілікті халықтың мәселесіне араласуға құлықсыз, - дейді қала тұрғыны Анатолий Сизонов.
Жауаптылардың сөзіне сенсек бұл жердің былығы Атырау облысының экс-әкімі Бергей Рысқалиевтің кезінен басталған. Бізге берілген мәлімет бойынша бұрынғы өңір басшысы ол аумақты кәсіпкерлердің біріне заңсыз беріп жіберген. Кейін әкімнің үстінен іс қозғалған уақытта, бұл жер ақыры сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылды. Сот орындаушы осы жерді аукционға қойып, сатылымға шығарудың орнына, жалған құжаттар жасап, өзі мемлекеттік органдардың бәрінен құжаттарын реттеп, 6,8 гектар жерді белгісіз азаматқа сатып жіберген. Су тегін, яғни бар-жоғы 7 миллион теңгеге өткізіпті. Ал ол адам әрі қарай сатылымға шығарып, 23 жер учаскесін саудалап үлгеріпті.
Атырау қаласы № 2 сотының үкімімен 3 тұлға бірнеше жылға сотталған болатын. Олар жер учаскесін бірнеше бөлікке бөліп, жалған құжат жасақтап, жеке тұлғаларға сатқан. Бұл факті бойынша қылмыстық іс тіркелді, жауаптылар сотталды. Енді бүгінгі күні қала прокуратурасының актісімен 44 жер учаскесі қайтарылды. Өзге 23 тұлғаға қатысты бірінші қалалық сот жер учаскесін қайтару бойынша бас тартқан болатын. Бүгінгі күні Атырау қаласы прокуратурасының өтініш хаты негізінде бірінші сатыдағы сот шешімі бұзылды. Жер учаскелері мемлекетке кері қайтарылды. Қалалық әкімдікпен зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету бойынша жұмыстар жүргізіліп, қаралып жатыр, - дейді Атырау қаласы прокурорының орынбасары Ерлан Какиев.
Дегенмен әкімдіктегілер бұл ықшам аудандағы аумақтың жоспары әу баста жасалып қойғанын жеткізді. Осылайша не бизнес иелеріне, не қарапайым кезекте тұрған тұрғындарға беруді көздеп отыр.
Мен бұған дейінгі болған қылмыстық істерге қатысты ешқандай жауап бере алмаймын. Олардың шешімі шығып тұр. Ал "Атырау-2" ықшам ауданындағы жер учаскелерінің жоспары жасалып қойған. Жоба бойынша ол жерлер тұрғындарға беріледі. Ол ықшам ауданды кеңейту мақсатында жасалатын жұмыс, - деді Атырау қаласы аппаратының бөлім басшысының міндетін атқарушы Жан Досқалиев.
Осылайша тұрғындардың шырылдап, табалдырық тоздырып жүргеніне ешкім де бас ауыртқысы келмейді. Қарашаға келген шығын да өтелмейтін сыңайлы. Дегенмен тұрғындар бұл істі орта жолда қалдырмай, соңына дейін барамыз деп отыр. Облыстық сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін кассациялық сотқа арызданбақшы. Ақшамыз қайтарылмаса да жеріміз өзімізде қалсын деп отыр.