Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау қаласында 11 наурыз күні сағат 20:00 шамасында Балықшы ықшам ауданынан шыққан 15 жастағы екі жасөспірім мұзға түсіп кеткен. Балалардың көмекке шақырған даусын естіген полиция капитаны Асқар Кабдуллаев дереу балаларды құтқаруға кіріскен.
Мұздай судан әлсіреген балалардың өз күштерімен судан шығуға шамасы келмеген. Екі жасөспірімді де судан аман алып шыққан соң, Асқар Кабдуллаев балаларды жақын жердегі өз үйіне апарып, денелерін жылытып, жедел-жәрдем қызметкерлерін шақыртқан. Құтқарылған балалардың есімдері Владимир және Данил, бірі колледж студенті болса, екіншісі 8-сынып оқушысы. Балалар мен олардың ата-аналары тілсіз жаудан өмірлеріне араша болған полицейге алғыстарын білдіруде.
Дәрігердердің айтуынша, қазіргі уақытта балалардың денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ. Мұзды суға түскендіктен денелерінде салқын бар. Тиісті ем-домдары жасалады.
Мұзға түсіп құтқарылған балалардың бірі Владимирдің ағасы Александр Кришневский полиция капитаны Асқар Кабдуллаевқа шексіз ризашылығын білдіріп, балалардың өмірін құтқаруы үлкен ерлік деп бағалады. Және де өзге ата-атаналар мен тұрғындар мұз бетіне балаларды қараусыз жібермеуін және ауа райының жылынуына байланысты жұқа мұз үстіне шықпауларын сұрады.