Алматы, BAQ.KZ. Атырау облысында мемлекет мүлкін талан-таражға салғаны үшін мәдениет саласының қызметкері 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы ҚР Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.
Атырау қаласында «Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығы» КМҚК-ның қызметкеріне қатысты ҚР ҚК 189-б. 4-б. 2-т. бойынша қылмыстық істі тергеу аяқталды, - делінген хабарламада.
Бұл қызметкер қызмет бабын пайдалана отырып, жалпы құны 70,9 млн теңге болатын музыкалық аппраттарын иемденіп, ломбардқа өткізген және өз таныстарына төмен бағаға сатқан. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында 50,9 млн теңгені құрайтын келтірілген мүліктік залалдың 70%-ы өтелген.
Атырау қаласы сотының үкімімен кәсіпорын қызметкері кінәлі деп танылып, оған 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.