Атыраулық дизайнер маска тігуден челлендж бастады

17 Наурыз 2020, 21:24
2784
Бөлісу:
Атыраулық дизайнер маска тігуден челлендж  бастады
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атыраулық дизайнер Асыл Дүзбаева медициналық маскаларды тігу бойынша челленджді бастады. Ол бірнеше еріктімен бірге тігін шеберханасынан маскалар тігуді қолға алды. Осылайша олар әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға тегін тарататын болады.

Елімізде орын алған жағдайға байланысты халыққа көмектесіп, аурудың алдын алу үшін маскалар тігуді қолға алдық. Атыраулықтардың басым бөлігіне жетпей жатқандығын көріп отырмыз. Біз барлық тұрғынға емес, көмекті қажет ететін, әлеуметтік аз қамтылған топтарға тегін таратамыз. Ол үшін қоғамдық қорларға хабарластық. Олар бізге таратуға көмектеседі. Бұл қайырымдылық шараны челленджге айналдыру да ойыма келді. Өйткені Атыраудың өзінде қаншама тігін шеберханалары бар. Осындай сәтте ауызбіршілік танытып, көмектесуіміз керек. Біздің шеберханадан көптеген қыз-келіншектер, аналар тігін тігуді үйреніп кетті. Олар да ат салысса деймін, - дейді ерікті дизайнер Асыл Дүзбаева.   

ерікті дизайнер 2.jpg

Ателье күніне 100 данасын тігіп таратуды жоспарлап отыр.

ерікті дизайнер 5.jpg

Мен алғашында әлеуметтік желіге әркім масканы өз қолымен жасап алуына болады деген әуесқой түсірілім салғанмын. Осыдан кейін маған хабарлама қалдырғандар өте көп болды. Содан соң бәрінің бірдей қорлынан келе бермес деп, таза матадан тігіп, мұқтаждарға көмектесуді жөн көрдім. Масканың материалы шыт матадан жасап жатырмыз. Екі қабаттап тігеміз. Мен мұның қаншалықты медииналық нұсқамаға сай келетіндігін білмеймін. Дәріханадағы масканың өзін әрбір екі сағатта ауыстырып тұрасың ғой. Ал бұл матаны тазалап, қайта тағуға болады, - дейді ерікті дизайнер Асыл Дүзбаева.

ерікті дизайнер 4.jpg

Дизайнердің айтуынша шеберханада бірнеше тігін машиналары бос тұр. Қайырымдылық іске ат салысуға ниетті тігіншілер келіп, көмек бере алатындығын да айтты. Сондай ақ, ол бұл жұмысын елдегі ахуал қалыпқа түскенше   жалғастыра береді екен.

Өзгелердің жаңалығы