Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Балық шаруашылығы мемлекеттің қолдауына зəру. Атыраулық балықшылар көптеген мəселені көтерді.
Осы балық шаруашылығымен айналысып келе жатқаныма 18 жылға жуықтады. Бұл Атырау облысының мұнай-газдан кейінгі байлығы. Аймақтағы көптеген адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Соңғы кездегі кейбір заңдылықтар біздің кəсібімізге ауыртпалықтар түсіріп жатыр. Алайда "Атамекен" кəсіпкерлер палатасы бізге қолдау көрсетіп жатыр. Дегенмен мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе дейміз, - дейді "Ракуш" өндірістік коперативінің төрағасы Сырлыбай Қожамұратов.
Осы салада 10 жылдан бері келе жатқан "Інжу-маржан" ЖШС басшысы Гүлфара Исмагулованың айтуынша, жұмыс барысында кездесетін кедергі көп. Бірқатар мəселені тізбектеп айтқан кəсіпкер, көршілес Ресейдің балықшылары бізден көш ілгері екенін айтады.
Біздің елімізде балықшыларға салынатын салық мөлшері өте көп. Ал көршілес Ресей елінің Астрахань облысындағы балықшылары салықты бізден 30-40 есе кем төлейді. Ресейліктер сазан, шортан жəне жайын балықтарының бір келісі үшін 85 тиын төлесе, қазақстандықтар 33 теңгеге жақын төлейді. Сондай-ақ олар уақ балықтардың келісіне 11 тиын, ал жергілікті балықшылар 10 теңге
төлейді. "Өзен жағалағанның өзегі талмайды" дейді. Балық адамның денсаулығы үшін де керемет, пайдалы ас. Дейтұрғанмен де мемлекет тарапынан бізге қолдау қажет. Сонымен қатар, балық аулауға қажетті техникаларды лизингке алғымыз келеді. Оған қоса біз пайдаланатын отын өте қымбат, бірақ біз көп шығындаймыз. Осы жанар-жағармайды алуға жеңілдіктер жасалса дейміз. Мемлекет тарапынан қолдау болса, елімізде балық шаруашылығы дамиды, - дейді "Інжу-Маржан" ЖШС-гі басшысы Гүлфара Исмагулова.
Ал ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау жəне қадағалау комитетінің Атырау облысы бойынша инспекциясының басшылары өздерінің тарапынан еш кедергі жоқ деп отыр. Айтуынша, кəсіпкерлер наурыз айынан бастап импорт, экспорт, транзит мəселелеріне қатысты құжаттарды электронды түрде толтырады.
Кəсіпкерлер бұрын бізге келіп жазбаша өтініш жазатын. Оны біз порталға енгізіп, сол арқылы рұқсат алып, жауабын беретінбіз. Қазір бізден кедергілер жоқ. Енді олар "Е лицензиялау" сайты арқылы жеке кабинеттеріне кіріп, өтініш беріп, жауабын ала алады, - дейді ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау жəне қадағалау Комитетінің Атырау облысы бойынша инспекциясының басшысы Ғалымбек Бисенғалиев.Ал Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сəдібекұлы бұл мəселелердің барлығынан тиісті министрлік хабардар екенін айтады.
Атырау облысында балық шаруашылығы саласы тұрақты. Қазіргі таңда балықты аква, яғни тоғандарда өсіруге азығын сатып алу үшін 30 пайыздық субсидия беріледі. Осы саладағы көптеген мəселені біз министрлікке ұсындық. Қазіргі таңда шешу жолдары қарастырылып жатыр. Иə, біздің еліміздегі кəсіпкерлер рұқсат алады, одан соң аулайтын балығына салықты алдын ала төлейді. Ал Ресейде алдын ала тек 10 пайызын ғана төлейді де қалғанын жыл соңына дейін бөліп төлейді. Қазіргі таңда ҚР премьер-министрдің
тапсырмасымен осы балық шаруашылығнда жаңа жоба дайындалып жатыр. Жаңалықтар көп болады деп күтудеміз, - дейді Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сəдібекұлы.