Атыраудағы түрмеде сотталған 200-ден астам адам жұмыспен қамтылған

19 Маусым 2023, 04:38
722
Бөлісу:
Атыраудағы түрмеде сотталған 200-ден астам адам жұмыспен қамтылған
Фото: архив

Бұл сотталушы азаматтардың өз қарызын өтеуіне мүмкіндік береді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Атырау облысы прокурорының орынбасары Нұржан Серікұлының айтуынша, сотталғандарды қайта тәрбиелеудің бір тетігі – жұмыспен қамту.

Осыған байланысты Қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен бірге пенитенциарлық мекемелерге бизнес иелерін тартып, сотталғандарды жұмыспен қамту мақсатындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір "Еңбек-Батыс" филиалы мен 14 бизнес субъектісінің киім тігу, қағаз, ағаш, темір бұйымдарын шығаратын, тамақ өнімдерін дайындайтын цехтарында 200-ден астам сотталған адам жалақысы төленетін жұмыстарды істейді. Бұл оларға өз берешегін өтеуге және туыстарына көмектесуге мүмкіндік береді, - деп хабарлады Атырау облысы прокурорының орынбасары Нұржан Серікұлы.

Оның айтуына қарағанда, түзеу мекемелерінде жұмысқа орналасу еңбек заңнамасымен реттеледі. Қамауда отырған әр адамның бос жұмыс орнына орналасуға құқығы бар.

Бас бостандығынан айыру орындарында кәсіп ашу бизнес субъектілеріне көптеген артықшылықтар береді. Бұл – дайын инфрақұрылым, объекті мен жабдықтарды қорғау, жалдау ақысының төмендігі, сотталғандардың арасынан білікті жұмыс күшімен қамтамасыз ету. Жұмыс беруші сотталған адамдарды жұмысқа қабылдау туралы шешімді өзі қабылдайды, - деп мәлімдеді Нұржан Серікұлы.

Өзгелердің жаңалығы