Атыраудағы KPI зауыты алғашқы полипропилен өнімін пойызбен экспортқа жөнелтті, деп хабарлайды BAQ.KZ "Хабар24"-ке сілтеме жасап.
Сонымен қатар отандық компанияларға да жергілікті тауарларды тарата бастаған. «РГК-Каспий» ЖШС полипропилен өнімін бұған дейін көршілес Ресей елінен алып келген. Тасымал шығынын қоспағанда, шикізаттың өзі қымбат шығатын. Ал жергілікті KPI зауытының өнімі бұл мәселенің реттелуіне мүмкіндік беріп отыр.
Кез келген өнімнің өзіндік құны шикізатқа байланысты екені белгілі. Жергілікті шикізаттың болуы біз үшін өзіндік құнды түсіретіні анық. Сондықтан Ресейге қарағанда немесе басқа жақтан алғаннан гөрі, мысалы Түркіменстан, Өзбекстаннан полипропилен алғаннан гөрі Атыраудан, үйдің қасынан алған тиімдірек, – деді "РГК-Каспий" ЖШС директоры Азамат Асылбеков.
KPI зауыты ел экономикасындағы тұңғыш газ-химия кешені. 18 қарашада зауыт 1,5 тонна полпропилен тиелген алғашқы контейнерлік пойызды шетелге аттандырды. Жалпы Еуропа елдеріне, Түркия, Қытай және ТМД елдеріне экспорттау жоспарланған. Сондай-ақ жүк көліктерімен де «Универсал», «ALPHA PLAST» секілді отандық компанияларға жіберілді.
Қазақстанда 45-ке жуық компания қызығушылық танытты. Олардың 28-імен келісімшарт жасалды. Қазір де біздің компаниямен келісімшарт жасауға көптеген мекеме ниет білдіріп отыр, - дейді "KPI" ЖШС маркетинг жөніндегі департамент директоры Дамир Әбелдинов.
Қазақстандық зауыттан шыққан өнімнің сапасын әлемге әйгілі швейцариялық SGS компаниясы бағалайды. Компания зертханасы қазір зауыт аумағында жұмыс істеп тұр. Ай соңына дейін зауыт көлемі 9 мың тоннадан асатын тағы 6 контейнерлік пойызды экспортқа жіберуді жоспарлап отыр.