Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Атыраудағы дүрбелең: Елді шошытқан оқиғаның хронологиясы

Бөлісу:
 Атырау облыстық ПД
Фото: Атырау облыстық ПД

Атырау облысында бір отбасының төрт мүшесі жоғалып кеткені туралы ақпарат тарағаны барлығымызға мәлім. Құқық қорғау органдары іздеу жұмыстарын жүргізіп, екі адамның мәйітін тапты. Қазіргі күні екі азаматты іздестіру жалғасып жатыр. Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, қылмыстық істі тіркеді.

BAQ.KZ редакциясы оқырман назарына елді шошытқан оқиғаның хронологиясын ұсынады.

Оқиғаның мән-жайы

25 желтоқсанда Атырау облысы полициясына Атырау қаласының тұрғыны арыз түсіріп, ағасы мен оның отбасы бір айдан астам уақыттан бері хабар-ошарсыз кеткенін хабарлаған.

Алдын ала мәліметке сәйкес, Қызылқоға ауданына қарасты Жангелді ауылының тұрғындары қараша айында өз үйлерінен белгісіз бағытқа шығып кеткен және содан бері қайтып оралмаған.

Жоғалған азаматтардың жүрген жерін анықтау мақсатында полиция барлық қажетті іздестіру шараларын қолға алды. Бұл жұмыстарға басқа өңірлердің полиция бөлімшелері де қосылды.

Полиция дерегінше, алғашында ерлі-зайыптылар мен олардың 33 және 35 жастағы екі ересек баласы елдің оңтүстік өңірлеріне қарай бет алған болуы мүмкін екені айтылды.

Олардың аты-жөні: Мақсот Қарабалин (1959 ж.т.), жұбайы Нәсіп Өтешқалиева (1961 ж.т.) және олардың балалары Мирамгүл (1990) мен Наурыз (1993).

Атырау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құттыбай Садықов бұл іске қатысты расталмаған ақпараттар таралып жатқанын айтты.

Оның сөзінше, 25 желтоқсан күні төрт адамның жоғалғаны туралы хабар түскен сәттен бастап, ел аумағында кешенді іздестіру шаралары басталған. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, екі немесе одан да көп адамның жоғалуы адам өлтіру бабы бойынша сараланған.

Тергеу аясында барлық медициналық мекеме, соның ішінде жекеменшік клиникалар да тексеріліп жатыр. Сонымен қатар, жоғалған адамдардың ұялы телефон сигналдары Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде бірнеше рет тіркеліп, соңғы дерек Шымкент қаласында анықталған.

Іздестіру жұмыстарын үйлестіру үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, оған Ішкі істер министрлігінің мамандары да тартылған.

Сонымен бірге, тергеу барысында отбасының кіші қызы мен күйеу баласының шет мемлекетте жүргені белгілі болды. Алайда туыстары олардың жоғалуына қатысты арыз түсірмеген. Соған қарамастан, құқық қорғау органдары бұл дерек бойынша да тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

6 қаңтарда екі адамның мәйіті табылды

6 қаңтар күні Атырау облысы Қызылқоға ауданы аумағында хабар-ошарсыз кеткен ерлі-зайыптылардың мәйіттері табылды.

Күдіктілердің кім екені анықталды. Полиция оларды іздеп жатыр...

Қазіргі уақытта тағы жоғалған екі адамның жүрген жерін анықтау бойынша іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Атырау облысы полициясының мәліметінше, осы дерек бойынша адам өлтіру белгілерімен қылмыстық іс қозғалған.

Полиция өкілдері күдіктілердің жеке басы анықталғанын хабарлады. Қазір оларды іздеу және ұстау мақсатында құқық қорғау органдары жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар полиция әлеуметтік желі қолданушыларын тек ресми дереккөздерге сүйенуге, сондай-ақ расталмаған және жалған ақпараттарды таратпауға шақырды.

Полиция “хакерге” де іздеу жариялады

Атырау облысында полиция “хакер” атанған азаматты іздестіріп жатыр. Әлеуметтік желілерде белгісіз бір адамның Атырау өңірінде жоғалып кеткен отбасының ісін ашуға көмектескені жөнінде ақпарат тарады. Осы жағдайға байланысты облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ресми ақпарат берді.

ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, желіде айтылып жүрген “хакердің” жоғалған адамдардың қайда екенін өз бетімен анықтағаны, SIM-карталарға талдау жасағаны немесе қаржылық операциялардың қозғалысын бақылағаны туралы деректер шындыққа сәйкес келмейді.

Нақтысында, бұл ақпараттардың барлығы әлеуметтік желілерде жарияланбай тұрып-ақ ішкі істер органдарының заңды жедел-іздестіру және тергеу шаралары барысында анықталған. Кейін олар ресми бағдарлау ретінде рәсімделген. Бұл адам жаңа мәліметтер ұсынбаған әрі ешқандай дербес техникалық зерттеу жүргізбеген. Ол таратқан ақпарат тек бұрыннан дайындалған ресми бағдарлауда көрсетілген деректермен толықтай сәйкес келеді және сол құжат жарияланғаннан кейін ғана алынған, – деп хабарлады полиция.

Полиция ұсынған барлық мәліметтер заң талаптарын қатаң сақтай отырып, салалық техникалық мамандардың қатысуымен, байланыс операторлары және басқа да уәкілетті ұйымдармен бірлескен жұмыс нәтижесінде алынған.

Сонымен қатар, полиция тарапынан қысым көрсету немесе қорқыту болды деген мәлімдемелер де шындыққа жанаспайды. Құқық қорғау органдары азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырады және жалған ақпарат таратқаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, қылмыстық жауапкершілікке дейін шара қолданылатынын ескертеді. Бұған қоса, аталған адамға қатысты бұған дейін алаяқтық деректері бойынша төрт қылмыстық іс тіркелгені белгілі болды. Қазіргі таңда бұл істер бойынша тергеу жүріп жатыр, ал күдікті заңда белгіленген тәртіппен іздеуге жарияланған.

Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Ауыл тұрғындары екі марқұмды жер қойнына тапсырды

Бүгін әлеуметтік желілерде ауыл тұрғындары мүрделері табылған екі зейнеткерді жер қойнына тапсырғаны жайлы ақпарат тарады.

Өзгелердің жаңалығы