Атыраудағы 244 үйге уақытында жылу берілмеген

18 Қазан 2022, 17:30
1479
Бөлісу:
Атыраудағы 244 үйге уақытында жылу берілмеген

Атырау облысында жылу беру маусымы 15 қазанда басталса да, әлі күнге дейін 244 тұрғын-үй жылумен қамтылмаған, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Жаз бойы «Атырау жылу желілері» АҚ мен қалалық әкімдік өкілдері бірлесіп жылу желілеріне жөндеу жүргізген. Оған 500 млн теңге қаржы жұмсалыпты. Жұмыс уақытында аяқталса да, баспаналарға жылу кеш қосылып жатыр. Үйінде қабат-қабат киінуге мәжбүр болған тұрғындардың бірі Людмила Ким.

15-іне дейін береміз жылу деген. Бірақ әлі жоқ. Үйдегі кішкентай балаларым ауыра бастады. Өзіміз далада жүргендей қалың киініп жүруге мәжбүрміз. Жауаптыларға бірнеше мәрте ескерттім, бірақ олар қолдарын сілтеп отыр. Жылудың қашан берілетіні белгісіз, дейді - Ким.

Бұған дейін биліктегілер жылыту маусымына 90 пайыз дайынбыз, бәрі сақадай сай деген болатын. Алайда жыл сайын қайталанатын проблема биыл да тұрғындарға қолайсыздық тудырды. 

15-і күні жылу толық қосылып кету керек деген түсінік бар халықта. Ал бұл жерде бәрі адамның қолымен істелетін жұмыс болғандықтан, шама-шарқымыз келгенше күніне 200 ге жуық үйді қосамыз. Сол себепті мына үйлердің бәрін он бесі күні толық қосуға мүмкіндік жоқ, - дейді Қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Темірлан Әубәкіров.   

Айта кетейік, мұнайлы қалада барлығы 1119 тұрғын-үй жылуға қосылады. Жауаптылар келеңсіздік алдағы 2-3 күнде толық шешіледі деп отыр.

Өзгелердің жаңалығы