Атырауда 21 жастағы жігіт әлеуметтік желідегі стримнен кейін 19 жастағы қызды бірнеше сағат бойы соққыға жығып, пышақ жарақатын салған. Күдікті ұсталып, қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Белгілі болғандай, жергілікті тұрғын әлеуметтік желіде видео жариялап, көрермендермен қоштасып жатқанын көрсеткен. Бейнежазбада оның қолында пышақ ұстап, қолындағы жарақаттарын көрсеткені байқалады. Қасында 19 жастағы қыз отырған, ол қатты қорқып тұрған және үстінде қан іздері көрінеді.
Жазба барысында жігіт қызды да көрермендерге үндеу жасауға мәжбүрлеген.
Алдын ала мәлімет бойынша, видео жарияланғаннан кейін жас жігіт бірнеше сағат бойы қызды соққыға жығып, оған пышақ жарақаттарын салған. Болған оқиғаның бір бөлігін ол әлеуметтік желіде тікелей эфир арқылы көрсеткен.
Жәбірленуші ауруханаға жеткізіліп, оған медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Хабарланғандай, күдікті өз әрекетін бұған дейін өз-өзіне қол жұмсаған досының өлімінен кейінгі ауыр эмоционалдық жағдайымен түсіндірген.
Қазіргі уақытта күдікті ұсталды. Оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 110-бабы («Азаптау») және 147-бабы («Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.