Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Атырауда жасанды интеллект арқылы іздеуде жүрген 52 адам анықталды

3 Желтоқсан 2025, 08:32
256
Бөлісу:
 pixabay
Фото: pixabay

Атырау облысында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында іске асырылып жатқан таргетай жобасы арқылы іздеуде жүрген адамдарды анықтау тиімділігі артып келеді. Жобада адамдар көп жиналатын орындарға орнатылған бейнекамералар жасанды интеллекттің көмегімен күдікті тұлғаларды анықтап, жедел басқару орталығына бірден дабыл жібереді, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық ПД Жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторы Мөлдір Таңатарқызының айтуынша, жүйе күдікті адамды анықтаған жағдайда оның деректері автоматты түрде мониторда көрсетіліп, мамандарға жолданады.

Орталық бастығының міндетін атқарушы Жанат Рахметова бұл әдістің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті. Күдікті не есепте тұрған тұлға камера назарына түскенде орталықта дабыл қосылып, жақын маңдағы полиция жасағына бағыттама беріледі.

2025 жылдың 11 айында жасанды интеллект күдікті тұлғаларға қатысты 222 дабыл тіркеп, оның ішінде 52 адам анықталған.

Өзгелердің жаңалығы