Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысында соңғы күндері вакцина алушылардың саны күрт өскен. Он күн ішінде 19 мыңнан астам адам вакцина алған. Дегенмен дәрігерлердің сөзінше бұл көрсеткіш әлі де аз. Жалпы аймақта жыл басынан бері «Спутник V», «QAZVAC» және «Hayat-Vax» вакциналарының бірінші компонентімен 107 655 адам «Спутник V», «QAZVAC» және «Hayat-Vax» вакциналарының I компонентімен, ал 57 682 тұрғын II компонентімен егілген.
Соңғы онкүндікте өңірімізде коронавирусқа қарсы екпе алғандар саны күрт өсті. Өткен онкүндікте 10 мың адам алса, соңғысында 19 мыңға жетті. Бұл 83 пайызға өсім. Тұрғындардың көзқарасы өзгере бастады. Денсаулық үшін вакцинаның маңыздылығын түсініп жатқанын көрсетеді. Дегенмен әлі де жұмысты жандандыруымыз керек, - дейді Атырау облысы денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Қайсар Абдалиев.
Облыс халқын ынталандыру үшін «Азаматтық Альянс» үкіметтік емес ұйым вакцина алғандар арасында ұтыс ұйымдастырған. Оған демеушілердің көмегімен 40 миллион теңге бөлінген. Шілденің 11-інен бастап әр апта сайын жеңімпаз анықталады екен. Тіпті, ұйымдастырушылар қазан айында қомақты қаржымен ойын ойнатылатынын айтады.
Былтыр індет өршіп, ауруханалардан орын таппай, ел ішінде өлім көбейгенде бел ортасында жүрген еріктінің бірі мен. Емдеу орындарына оттегі баллондарын тасып, дәрі-дәрмекпен қолдау көрсеттім. Сол кезде осы аурудың шипасын іздедік. Енді табылды. Осыны халық түсініп, жаппай алуы шарт. Сондықтан халықты ынталандыру мақсатында біз 40 миллион ақша тігіп отырмыз. Әр жеңімпазға 200 мың теңгеден беріледі. Он күн сайын 2 миллион теігеден ойнатылады. Ұтыс ойыны жергілікті телеарна арқылы тікелей эфирде өтеді. Сондай-ақ, қазан айында 10 миллион теңгенің ұтысы ойнатылады. Оған жыл басынан бері екпе алғандардың барлығы қатысады, - дейді Атырау облысы Азаматтық Альянсы заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Әлібек Семғалиев.