Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылы Атырау облысында үш колледждің жатақханалары пайдалануға берілді, деп хабарлайды облыстық Білім беру басқармасының баспасөз қызметі.
Тәуелсіздік күні қарсаңында Индер ауданында көпбейінді ауыл шаруашылығы колледжінің 100 орынды жатақханасы ашылды.Төрт қабатты жаңа ғимаратта екі кісілік 12 бөлме, үш кісілік 15 бөлме және төрт адамға арналған 4 жатын бөлме орналасқан. Әр бөлме заман талабына сай қажетті жиһаздармен жабдықталған. Сондай-ақ асхана және кір жуатын орында қарастырылған.
2019 жылдың сәуір айында басталған құрылыс жұмыстары 2020 жылдың желтоқсан айында «Ақ Жол Құрылыс» ЖШС-і мекемесінің мердігерлігімен аяқталды. Жатақханада барлық инженерлік желі орталықтандырылған коммуникациямен қамтамасыз етілген. Бұл жерде тек студенттер ғана емес, колледж оқытушылары да тұрады.
Сондай-ақ Атырау энергетика және құрылыс колледжінің студенттері үшін 100 орындық жатақханасы да пайдалануға берілді. Жатақхана Елбасы – Тұңғыш Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясында салынды. Заманауи үлгіде бой көтерген төрт қабатты жатақхана барлық жабдықпен қамтамасыз етілген. Онда студенттермен бірге жас отбасылар да тұра алады. Бөлмелер қажетті жиһаздармен жабдықталған. Әр қабатта 4 теледидар мен 12 автоматты кір жуу машиналары бар.
Сонымен қатар Сафи Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжінде 60 орындық жаңа жатақханасы қолданысқа берілді.
Жатақхана толықтай жаңа жиһаздармен, төсек орынмен, атап айтсақ тоңазытқыш, теледидар, бейнекамера, студенттерге арналған кітапхана залы, асхана, демалыс залы, сыртқы демалыс орны және салауатты өмір салтын ұстану мақсатында спорттық алаң салынған. Жатақхана сондай-ақ толықтай жылу жүйесімен, электр энергиясымен, ыстық және салқын суымен толық қамтамасыз етілген.
Бүгінде өңіріміздегі 24 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 15 мыңнан аса студент білім алып жатыр. Басқа аймақтан келген студенттер мен оқытушылар үшін жатақхана мәселесі маңызды екені баршамызға белгілі. Осы тұрғыда жатақхана сұранысын 2022 жылға дейін шешуді көздеп отырмыз, – деді Атырау облыстық Білім беру басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиев.
Еске сала кетейік, биыл Атырау қаласында екі мектеп пайдалануға берілді. Жаңадан салынған білім ордалары қатарында Самал ықшамауданындағы 600 орындық №29 орта мектеп және Жұмыскер кентіндегі 300 орындық Ғани Мұратбаев атындағы орта мектеп бар.