Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандағы техникалық және кәсіптік білім жүйесін дамытуға арналған бағдарламаларды іске асыруда бизнес-қауымдастықпен әріптестік негізінде жұмыс берушілерді тарту үшін Атырау колледжінде «Білім берудегі әріптестік оқытудың сапасын арттыру факторы ретінде» панельдік сессиясы өтті.
ҚР БҒМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, сессия «Балалардың мүддесі үшін педагогикалық қоғамдастықты шоғырландыру» тақырыбында ұйымдастырылды. Тақырыптық алаң кадрларды даярлаудың қазақстандық және шетелдік озық тәжірибесін трансляциялау және ТжКБ ұйымдарының қазіргі заманғы формациядағы өсу нүктелерін айқындау мүмкіндігін береді.
"Сессияның негізгі мәселесі - білім беру мен бизнес-қоғамдастықпен өзара тиімді ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылау, жұмыс берушілерді кадрлар даярлау процесіне тарту. Іс-шара аймақтағы кәсіпорындар мен колледждер арасында білікті мамандарды даярлау, «ЖасМаман» жобасын жүзеге асыруда өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ, WorldSkills аймақтық және салалық чемпионаттарының өткізілуіне және Ұлттық және халықаралық чемпионаттарға қатысуына барынша ықпал етеді", - делінген таратылған ақпаратта.
Конференция барысында WorldSkillsKazakhstan құзырет орталықтарының құрылуына байланысты мәселелер талқыланды, олардың міндеті кадрларды дайындау оқу процесін ұйымдастырудағы жаңа құралдарды пайдалану мен WorldSkills стандарттарын ТжКБ білім беру бағдарламаларына енгізу.