Атырауда колледж студентіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол қаладағы саябақтардың бірінде өз қатарласын ұрып-соққан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Желіде бір қыздың басқа қызды аяусыз ұрып-соғып, тепкілеп жатқаны бейнеленген видео тарады.
Атырау облыстық полиция департаменті оқиғаны растады. Күдікті колледж студенті ұсталып, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған.
Барлық қатысушылар профилактикалық есепке қойылады, материалдар кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданды. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін кәмелетке толмағандардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылады, – деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.
Ведомство сонымен қатар төбелесті видеоға түсіріп, полицияға хабар бермей таратқан жасөспірімге де құқықтық баға берілетінін атап өтті.