Атырауда соңғы бірнеше күннен бері автогаз жетіспей жатыр

23 Қыркүйек 2020, 01:10
1826
Бөлісу:
Атырауда соңғы бірнеше күннен бері автогаз жетіспей жатыр

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мұнайлы Атырауда газ тапшы. Көлік жүргізушілердің жанармай бекеттерін «күзетіп» жүргеніне де бірнеше күн болған, деп хабарлады «Астана» арнасы.

Әншейінде қыз-қыз қайнап жататын газ құю бекеттерінде тіршіліктің ізі байқалмайды. Тып-тыныш. «Газ жоқ» деген хабарландыру ғана ілулі тұр. Сандалған көлік жүргізушілер бұл жайттың жыл сайын қайталанатынына ашулы. Газ құю бекеттеріндегілер де жағдайдан хабарсыз. Сұйық газ келсе, таратуға дайынбыз деседі олар. Ал қаладағы сұйытылған газды сақтайтын паркте ұзын-сонар кезек. Жанар-жағар май бекеттерінің көлік жүргізушілері таңнан бері кезек күтіп тұрғандарын айтты. Араларында көрші облыстан келгендері де бар екен.

Біз алты күннен бері күтіп жүрміз. Зауытта жөндеу. Сондықтан газбен проблема боп тұр. Жылдық жоспарлы жөндеу сияқты. Біз Ақтөбе облысынан келдік. Компанияның келісіміне сай, бөлінген көлемде алып кетеміз, - дейді көлік жүргізуші Руслан Гайнудинов. 

Паркке сұйытылған газ Атырау мұнай өңдеу зауытынан келеді. Парк басшылығы жағдайға қатысты ақпарат бермеді. Әкімдіктегілер болса, газдың қорда таусылғанын айтты.

Қордың сарқылуына байланысты осындай мәселе туындап отыр. Атырау мұнай-өңдеу зауыты 3 шілде мен 10 қыркүйек аралығында күрделі жөндеу жұмыстарын жасаған болатын. Қазір ол жұмыстар аяқталып, уақытымен тәулігіне 400 тоннаға дейін берілу үстінде, - деді облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Данияр Мұқышев. 

Атырау мұнай өңдеу зауытының мәліметінше, жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілген. Енді тапшылық болмайтын көрінеді. Жалпы, бұл өңірде 49 газ құю бекеті бар. Олардан 12 мыңнан астам көлік айына 3 мың тоннаға жуық газ алады.

 

Өзгелердің жаңалығы