Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Әлеуметтік желіде Атырау облысында кішкентай сәбиге хижама жасап жатқан видео тарады. Бұл қаншалықты заңды? Оны жасаған дәрігер жауапқа тартылуы тиіс пе?» деп сұрады журналистер министрден.
Бүгінгі таңда дәстүрлі емес медицинамен айналысатындардың лицензиясы болуы тиіс. Ал хижама лицензияланғанның өзінде медициналық қызметтің түріне жатпайды. Бұл факт бойынша комитет мән-жайды анықтап, тергеу жүргізеді. Мәселені қарастырамыз, - деп жауап берді Ажар Ғиният Сенаттың жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде «сәби қой ауруын қию» деген жазбамен таралған бейнежазба көпшіліктің талқысына түскен болатын. Видеодан нәрестенің маңдайы мен самайын ұстараның жүзі арқылы тіліп, қанын шығарғанын байқауға болады.
Осылайша, баланың бас ауырғаны қойып, тынышталып, жылауын қояды-мыс. Желі қолданушылары сәбиге мұндай емдеу әдісін қолданудың жауыздың екендігін жазып, пікір білдірді.
Хижамамен емдеу – денедегі арам қанды шығару арқылы емдеу тәсілі деп саналады. Оны кей мамандар шариғат бойынша емдеу түрі деп қарастырады.