Атырауда «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде «Береке» ықшамауданында орналасқан тұрғын үйді тексеру барысында жалпы салмағы 500 келіден асатын 2 421 дана ақбөкен мүйізі тәркіленді, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сілтеме жасап.
Қазір 1991, 1987 және 1986 жылы туған күдіктілер анықталып, қамауға алынды.
Табиғатқа келтірілген залал құны – 6 млрд 264 млн теңгеден астам. Қылмыстық кодекстің 339-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, – делінген Атырау облысы Полиция департаменті таратқан мәліметте.
«Браконьер» арнайы операциясын Атырау облысы Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы және Ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің қызметкерлері бірлесіп жүргізіп жатыр.