Атырау қаласында патриоттық әндер кеші өтті. Іс-шара Ұлы жеңістің 80 жылдығына орайластылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жайық өзенінің жағасы бүгін әнге бөленді. Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай атыраулық жастар "Мәңгілік естелік" атты ән кешін өткізді. Патриоттық шараның басты мақсаты – батырлардың ерлігі мен рухын ұрпақ жадында мәңгі сақтауға бағытталған.
Ерекше кешке қаланың белсенді жастары, еріктілері мен танымал өнерпаздары қатысты. "Жаса Қазақстан", "Отан ана", "Домбыра туралы баллада", "Соғыстан қайтқан солдаттар" сынды көпшіліктің құлағы үйренген туындыларды орындап, көрерменге паш етті.

Ұлы жеңістің 80 жылдығына орай Атырау қаласындағы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастырған шарасы. Кавер әндер кеші десе де болады. Басты көздегеніміз – бабалардың ерлігін ұмытпау, ұмыттырмау. Жастар ерекше белсенділік танытты. 15-тен астам патриоттық ән шырқады. Шараға келіп, ескі әрі есті әндерді тыңдаған қаланың тұрғындары да қолдады. Негізі осы Жайық жағасында осындай әр тақырыпқа, мерекеге сай ән кеші жиі өтіп тұрады. Өнерін ортаға салғысы келетіндерге еш шектеу жоқ. Аспаппен болсын, эстрадалық әндерді болсын қалауынша орындай алады, - дейді Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Еркебұлан Мутигуллин.
Сахнаға шығып, барын салғандарды жергілікті тұрғындар қошеметпен қолдады. Шырқалған әндерді ұйып тыңдады.
Жайық жағасында серуендеуді әдетке айналдырдық. Кешкілік уақытта домбыра, гитарамен ән шырқап отыратын жастарды жиі кездестіреміз. Ал бүгін мүлдем ерекше шара өтіп жатыр екен. Патриоттық әндер шырқалды. Өнерпаздар мен ұйымдастырушыларға рахмет айтамыз, - дейді қала тұрғыны Сәния Тұрғынбекова.