Атырау облысы Индер ауданында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мекемеде қызмет көрсетілмегені анықталды. Прокуратура араласқаннан кейін 19 баланың құқығы қорғалып, жауапты шенеуніктер әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, тексеру барысында мемлекеттік қолдау көбіне тек құжат жүзінде ғана көрсетілгені белгілі болды. Прокурорлардың назарын күндізгі бөлімшесі бар жартылай стационарлық үлгідегі ұйым аударған.
Әлеуметтік кодекстің талаптары ескерусіз қалған. Визуалды тексеру кезінде күтпеген жағдай тіркелді – балаларды қолдауға арналған бейінді ұйымда бірде-бір қамқоршы болмаған.
Аталған кезеңде мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсетілмегені анықталды. Жауапты тұлғалар бұл жағдайды ғимараттың жоқтығымен түсіндірген. Алайда осы уақыт аралығында балалар қажетті оңалту мен күтімсіз қалған, - деп хабарлады Атырау облысы прокуратурасы.
Шенеуніктер мекеме орнын анықтап, құжат рәсімдеумен айналысып жүргенде, балалар нақты көмексіз қалған. Сонымен қатар, Индербор кентінің инфрақұрылымын тексеру барысында да мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бірқатар нысандардың қолжетімсіз екені белгілі болды.
Прокуратура араласқаннан кейін анықталған заңбұзушылықтар жойылды. Жіберілген кемшіліктер үшін Индербор кентінің әкімі мен ұйым басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал аудан әкімінің орынбасары мен әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі 19 баланың құқығы қорғалды.