Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысында 22 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланған. Сондай-ақ «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жұмыссыздар мен аз қамтылған отбасыларға мол мүмкіндік беріп жатыр.
Осы бағдарлама бойынша 4 млрд 200 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.
Жұмыспен қамту шаралары тек жұмысқа орналастырумен шектелмейді, қайта даярлау, өз кәсібін ашуға қайтарымсыз гранттар мен төмен пайызбен кредиттер ұсыну, уақытша жұмыспен қамту шараларын да қамтиды. Жыл басынан бері облыстағы жұмыспен қамту орталықтарына 7509 адам хабарласып, оның 72,2%, яғни 5425 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар «Еңбек» бағдарламасы бойынша 4 231,7 млн теңге бөлініп, 22 695 адамды қамту жоспарланды. 1760 адамды мамандыққа қайта даярлаймыз. Қысқа мерзімді курстардан өткіземіз. Ал «жаппай кәсіпкерлікті дамыту» екінші бағыты шеңберінде 1 700-дей адамды қамтимыз, - дейді Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағларламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолла.
Сонымен «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жұмыссыздарға өз бизнестерін бастауға мүмкіндік береді. Осы бағытта облыста «Бастау Бизнес» жобасына мыңға жуық адамды оқыту көзделген.
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, 154 адамға микрокредит беру, 6 адамға микрокредиттерге кепілдік беріп, 530 адамға 200 АЕК мөлшерде грант беру және операциялық шығындарды субсидиялау жоспарланып жатыр. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаның үшінші бағыты «халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» 19 244 адамды жұмыспен қамтуға жоспары бар. Бұл әлеуметтік және қоғамдық жұмыстар, жастар практикасын ұйымдастыру, - дейді басқарма басшысы.