Атырау облыстық полиция департаментінің балық қорларына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері табиғат ресурстарын заңсыз пайдаланудың алдын алу және биологиялық ресурстардың айналымына тосқауыл қою мақсатында арнайы профилактикалық іс-шара ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл шара барысында Құрманғазы және Исатай аудандарында заңсыз балық аулау, тасымалдау және сатуға қатысты құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталған рейд өткізілді.
Мәселен, 14 қаңтар күні Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлескен рейд кезінде Нұрау ауылдық округінің Жамбыл ауылы маңындағы учаскелердің бірінде күдікті тұлғалар анықталды. Тексеру барысында YAMAHA-9х9 аспалы моторы бар қайықтан ешқандай құжатсыз балық өнімдері табылды.
Жалпы салмағы 72 килограмм 900 грамм болатын заңсыз ауланған балық тәркіленіп, "Амангелді" балық цехына тапсырылды. Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Атырау облыстық полиция департаменті табиғат ресурстарын заңсыз пайдалану ауыр құқықтық салдарға әкелетінін ескертеді және табиғатты қорғау заңнамаларын қатаң сақтауға шақырады.