Атырау облысында қамыс өрті сөндірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2023 жылғы 13 шілдеде сағат 16:00-де Атырау облысы Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өрті сөндірілді.
«Қазақстан Ғарыш сапары» космомониторингіне негізделген «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты ақпаратына сәйкес, өрттің жалпы ауданы 910 га құрады.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы 7 шілде күні сағат 09:30-да Атырау қаласының Кеңөзек селолық округінен 30 шақырым жерде Каспий теңізі жағалауының сулы, батпақты жерінде қамыс өсімдіктері жанған болатын.
Жану ошақтары анықталғаннан соң Атырау облысы ТЖД мен «Ақжайық» МТР күштері мен құралдары дереу оқиға орнына жұмылдырылды.
Өрт сөндірушілер 7 күн бойы отпен арпалысты. Күннің аптап ыстығы, аумақтың сулы, батпақты болуы, сондай-ақ қамыстың тығыз қалың өсуі өрт сөндірушілердің өртті тез арада сөндіруіне кедергі туғызғанын айта кеткен жөн. Өрт сөндіру автотехникасына өту жолдарының болмауына байланысты, өртті сөндіру жаяу түрде өрт сөндіргіштер мен хлопушкаларды қолдану арқылы және ТЖМ авиациясымен жүзеге асырылды. Қамыс өсімдіктерінің жануын сөндіру үшін Атырау облысы ТЖД-нен және «Ақжайық» МТР-нан барлығы 80 адам мен 14 бірлік техника және ТЖМ авиациясы жұмылдырылды Өрт басталғаннан бері ТЖМ авиациясымен өрт ошақтарына барлығы 167 рет 500-ден астам тонна су төгілді, - делінген ТЖМ таратқан ақпаратта.
Сонымен қатар Батпаев орманшылығында орман төсенші мен құрғақ шөп жануы ауыздықталды.
2023 жылғв 13 шілдеде 11 сағат 06 минутта Батпаев орманшылығында түтін шыққан жер анықталды. Абай облысы ТЖД, "Семей Орманы" МОТР және “Қазақ ормандарды авиациялық қорғау және орман шаруашылы” РМКҚ күштері өрт орнына дереу шықты.
Орман алқабында төсеніш пен құрғақ шөп жанып жатты. Жану алаңы 0,3 гектарды құрады. Мерт болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Сағат 12:17-де өрт оқшауланды. Қазіргі уақытта аумақты сөндіру және қарауылдау жұмыстары жүргізілуде. Өртті сөндіруге барлығы 34 адам және 14 бірлік техника қатысуда, - делінген ведомство хабарламасында.