Атырау облысы Құрманғазы ауданы Құрманғазы ауылынан 40 шақырым жерде "Құрманғазы орман шаруашылығы" КММ аумағында Каспий теңізінің жағалауында табиғи өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт 2 наурызда басталған.
Баруға қиын батпақты аймақта 148 гектар аумақта қамыс күйіп тұр. Сөндіруді қол жетпейтін батпақты рельеф қиындатады. Өрттің жалпы аумағы 2500 гектарды құрайды, оның 277 гектары төтенше жағдайлар қызметінің күшімен сөндірілді, 2075 гектары өздігінен жойылды. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ, - деді ведомстводан.
Өртті жоюға 56 адам, 9 мотопомпа, 11 моторлы қайықтан тұратын ТЖ, орман шаруашылығы, ЖАО күштері мен құралдары тартылды.