Атырауда белгілі журналист Виктор Сутягиннің Lexus RX-300 маркалы көлігі жарылып, өртенгені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы журналист "Қазақпараттағы" әріптестеріне айтқан.
Көліктен сағат 00:00-де шыққан кезімде бәрі қалыпты болатын. Көршілердің бейнекамераларын қараған кезімізде сағат 02:24-те көлікке бір адам жақындады. Капоттың қасында бір нәрсе істегендей болды. Кейіннен жарылыс болды..., - деді журналист.
Алайда Polisia.kz мәліметінше, 11 мамырда Атырау қаласында өртенген Lexus RX-300 автокөлігінде жарылыс белгілері табылмағанын атап өтті.
11 мамыр күні сағат 04:21 шамасында Атырау қаласы полиция басқармасының автопатрульдік экипажы Наурызалиев көшесіндегі үйдің жанынан өртеніп жатқан Lexus RX-300 автокөлігін көрді. Оқиға орнына дереу өрт сөндіру қызметі жіберілді. Жарылыс белгілері табылған жоқ. Оқиға орнында қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіледі, - делінген хабарламада.
Болған оқиғаның себеп-салдарлары анықталып жатыр. Жәбірленушінің өтініші ҚК-нің 202-бабы 3-бөлігі бойынша СДТБТ-да тіркелген.