Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырауда «Бастау» бизнес жобасын қаржыландыруға бөлінген мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген несиелер сомасы 4 жылда 3,7 миллиард теңгені құраған.
Кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің айтуынша бұл жоба өңірде алғаш басталғанда сауда-саттық, қызмет көрсету салаларына сұраныс көп болса, қазір ауыл шаруашылғы мен өңдеу өнеркәсібіне қызығатындар көбейген.
«Бастау» аймақта 2017 жылы басталып, алдымен Индер, Исатай, Қызылқоға және Махамбет аудандарының ауыл тұрғындары қамтылған. Алғашқы жылында барлығы 750 адам оқыса, оның 130-ы жеке бизнесін ашқан. Ал осы уақытқа дейін оқыған 2 мыңнан астам кәсіпкер өзі іс жалғастырып жатыр. 3 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.
«Бастау» деген қызығушылық жыл сайын артып келеді, әсіресе ауыл тұрғындары арасында. Мысалы, жобаны іске асырудың бірінші жылында 750 адам, 2018 жылы – 1325, 2019 жылы – 2600 адам оқытылды. Өткен жылы пандемияға байланысты оқыту онлайн форматқа ауыстырылды, нәтижесінде 1000 адам қамтылды.Төрт жыл ішінде жоба аясында кәсіпкерлік негіздеріне 5675 адам оқытылды, оның 2 103 – і жеке бизнесін ашты. Осы жылдар ішінде іске асырылған бизнес – жобалардың саны бойынша жоспарымызды екі есе орындадық. Айта кету керек, «Бастау» жобасын жүзеге асыру кәсіпкерлік субъектілерінің санын арттырып қана қоймай, халық үшін жаңа жұмыс орындарын ашады. 4 жыл ішінде Атырау облысында жоба аясында 3 мыңға жуық жұмыс орны ашылды, - деді Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының бизнесті қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Жанаргүл Джуламанова.
Бұл «Бастау» жобасы қарапайым халықтың кәсіппен айналуына мүмкіндігін арттыруға арналған «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасы болатын. Палата мамандарының сөзінше, оған жұмыссыз жүргендер, сондай-ақ, өз кәсібін одан әрі кеңейтуға ниетті кәсіпкерлер қатыса алады.