Облыстық халық шығармашылығы орталығында өткен салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев қатысып, сала мамандарын айтулы күнмен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін біз сіздермен атакәсіптің тамырын үзбей, адал кәсіпті ұрпақтан ұрпаққа жалғаған балықшылар қауымының мерейлі сәтінде бас қосып отырмыз. Бүгінде балық шаруашылығы – аймақ экономикасында өзіндік орны бар, тұрмыстық-шаруашылық, тарихи мән-мағынасы жоғалмаған ата кәсібіміз ғана емес, береке-байлығымыз болып отыр. Олай болса, Атырау өңірінің балығын өсіріп, оны қорғау мен молайтуға аянбай үлес қосып жүрген сіздердің қиындығы мен қызығы қатар жүрген еңбектеріңіз толайым табысқа толы болсын дей отырып, шаңырақтарыңызға шаттық, құт-береке тілеймін! - деді Мурзиев.
Жиында Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің «Балық шаруашылығы саласында еңбек сіңірген қызметкер» құрметті атағы «Амангельды» ЖШС көлік жүргізушісі Хасан Мұсаев пен ЖКОББШИ Атырау балық инспекциясы бөлімінің жетекші маманы Григорий Ефановқа берілді.
Сондай-ақ саланы дамытуға үлес қосқан бірқатар қызметкерлерге «Балық шаруашылығы саласында мінсіз қызметі үшін» құрметті атағы мен «Балық шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» құрмет грамотасы табыс етілді. Сонымен қатар бір топ мамандар облыс әкімінің, қала әкімінің, облыстық мәслихаттың және қалалық мәслихаттың Алғыс хаттарымен марапатталды.