Атырауда азық-түліктің қолжетімділігі үшін жәрмеңке жиі өтеді

2 Шілде 2021, 16:26
4273
Бөлісу:
Атырауда азық-түліктің қолжетімділігі үшін жәрмеңке жиі өтеді

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін халық қолжетімді бағамен сатып алуы үшін жәрмеңкелерді ұйымдастыру жұмыстары күшейген. Жыл басынан бері 180-нен астам жәрмеңке өткізілген. Ондағы өнімдердің бағасы нарықтағыдан 10-15 пайызға төмен сатылады екен. 

Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстау мақсатында кәсіпкерлермен 207 меморандум жасақталған. Олар: 14 ірі супермаркет, 10 базар, 130 жеке кәсіпкер, 5 тауар өндіруші, 48 шаруа қожалығы.

Әлеуметтік нан және бірінші сұрыпты ұн бағасын тұрақты ұстау бағытындағы үшжақты меморандумға сәйкес, өңірімізге бөлінген 16 мың тонна бидайдың «Карат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы 8 мың тоннасы тасымалданды. Меморандум негізінде әлеуметтік нан бағасы 90 теңге, бірінші сұрыпты ұн бағасы 145 теңгеден сатылуда. Сонымен қатар делдалдыққа жол бермеу мақсатында жергілікті ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге өз өнімдерін халыққа қол жетімді бағамен ұсыну мақсатында 227 тегін сауда нүктелері берілді, - дейді Атырау облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат.   

Атырау облысында 35-ке жуық әрі сауда желілерінде әлеуметтік азық-түлік қолжетімді бағамен сатылады.

19 түрлі азық-түліктің 14-і облыстағы «Лидер» және «Идеал» сауда желілерінде төмен бағамен сатылымда тұр. Атырау облысы әкімдігі бағаны тұрақтандыру мақсатында кәсіпкерлермен келісімшартқа отырды. Олар бұл тағамдардың сөрелерде тұрақты болуына, тасымалдануына жауапты. Бұл азық-түліктердің бағасы нарықтан 10-15 пайызға арзан, - дейді «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының маманы Азамат Айтбаев.

Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде тұрақтандыру қорына жергілікті бюджеттен 776,850 млн теңге бөлінген. Қорда жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдері сақталады. Бірақ қазір көкөністер таусылған. Қойма тамыз айында толығады екен.

Қазір Атырауда көкөніс бағасы қалыпқа түскен. Өңірде жеміс-жидектер Әзербайжан, Иран және Ресей елінен тасымалданады. Індеттің салдарынан елдер арасында қатынас қиындап кеткен. Енді баға тұрақтанған.

Атырау нарығына көкөніс, жеміс-жидектер шетелден де, еліміздің өзге өңірлерінен де тасымалданады. Олардың барлығының сатып алу, сату бағаларын қадағалап отырамыз. Әрдайым мониторинг жүргіземіз. Қазіргі уақытта Ресейдің Астрахань облысынан келген картоптың көтерме бағасы 150 теңге болса, бөлшек саудада 180-200 теңге аралығында сатылып жатыр. Ал сәбіз 400-450 теңге тұрады, - дейді Атырау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Алтынай Ерубаева.


Өзгелердің жаңалығы