Атырауда айналма жолдың құрылысы басталды

19 Мамыр 2023, 05:40
1268
Бөлісу:
Атырауда айналма жолдың құрылысы басталды
Фото: inbusiness.kz

Атырауда айналма жолдың құрылысы басталды. Бұл туралы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК филиалының өкілдері айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Халықаралық дәлізде орналасқан Атырау үшін айналма жол ауадай қажет. Өйткені көршілес Ресей арқылы келетін ауыр жүк көліктері өзге облыстарға қатынау үшін қала ішін кесіп өтеді. Салдары айтпаса да түсінікті. Бұл қалаішілік жолдардың сапасын бұзады, онсыз да тар көшеде көлік кептелісін туғызады. Енді салынып жатқан «Солтүстік айналма жол» осындай біраз мәселенің түйінін шешеді.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК филиалының бөлім басшысы Нұрлан Жантуриннің айтуынша, топырақ қабатын төсеу жұмыстары басталған.

Айналма жолдың ұзындығы 26 шақырымды құрайды. Ол «Атырау-Орал» республикалық тас жолының 10-шақырымын және «Атырау-Индер» облыстық жолының 9-шақырымын кесіп өтіп, Соколок каналының жанынан шығады. Екі жолмен қиылысатын болғандықтан екі жол айрық және Жайық өзенінің үстінен бір көпір салынады. Қазір біздің мамандар зертханада тексеру үшін топырақ қабатынан сынама алды, - дейді Н. Жантурин.

Бір жолақты екінші санатты жолға тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол» компаниясы. Мердігер мекемелер – «Азвирт» СП және «Ақжол Құрылыс» ЖШС.

Өзгелердің жаңалығы