Атыраулықтар Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жиі шағымданатын болған. Былтырғы жылмен салыстырғанда омбудсменге мәселесін жеткізетіндер қатары 39% өсіпті. Шағымның дені сотталған азаматтардан түскен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
70 жастағы қала тұрғыны Александр Багров 2018 жылдан бері зейнетақы ала алмаған. Бұған дейін Халыққа қызмет көрсету орталығына, өзге бірнеше мекемеге барғанымен мәселесін шешу мүмкін болмапты. Үмітін үзбеген қария ҚР Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Атырау облысы бойынша өкілі Амангелді Абдоловтың қабылдауына барған. Сөйтіп зейнетақыға қол жеткізіпті.
2005 жылы Атыраудан Ресей Федерациясына қоныс аудардым. Кейін осында қайтып келдім. Бірнеше жыл жұмыс істедім. Бірақ зейнет жасына жеткенде оны рәсімдей қиындығы туындады. Бармаған жерім жоқ. Ондағылар көмектесе алмады. Бірнеше жыл зейнетақы қаржысы қолыма тимей жүрген. Сөйтіп Адам құқықтары жөніндегі Уәкілге жүгіндім. Мәселем тез шешілді. Қазір уайым жоқ. Ақшамды тұрақты түрде алып тұрамын. Ризамын, - дейді қала тұрғыны Александр Багров.
Биыл облыс бойынша Адам құқықтары жөніндегі Уәкілге шағымданушылар саны артыпты. 2024 жылмен салыстырғанда арызданатындар қатары 39% өсіп, 4800 адамнан асыпты. Шағымдардың басым бөлігі сотталған азаматтар құқығының бұзылуына, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының әрекеттері және сот шешімдерімен келіспеу мәселелеріне байланысты болған екен. Осы өтініштердің бәрі қаралып, нәтижесінде тұрғындар құқығын бұзған 32 тұлға тәртіптік, 2 тұлға әкімшілік жауапқа тартылыпты. Тіпті 1 қылмыстық іс тіркелген. Өкілетті органдарға шағымдар бойынша 67 ұсыным хат жолданған.
Есептік кезеңде Уәкілетті өкілдің аймақтардағы өкілдері 315 мекемеге барып, бірқатар жүйелі проблемаларды анықтады. Атап айтқанда, медициналық қызметтердің шектеулі болуы, санитарлық жағдайдың нашарлығы, ғимараттарды жөндеу қажеттілігі, электронды өтініш беру жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі және сотталғандарды жұмыспен қамту мәселелері өзекті күйінде қалып отыр. Атырау облысы бойынша өкілдікпен осы жылдың 6 айында 33 арыз қабылданды. Олардың қазіргі күнде 70 пайыздан астамы орындалды, - дейді ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша өкілі Амангелді Абдолов.
Президент жарлығымен құрылған Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл ел азаматтарының құқығын қорғауды, мемлекеттік мекеме өкілдерінің қол сұғуынан қорғауды, ағартушылық бағдарламаларды дайындап, оларды жүзеге асыруды көздейді. Омбудсменнің жұмысы БҰҰ-ның бірқатар конвенцияларын ратификациялаған Қазақстан Респубикасының халықаралық міндеткерліктеріне және осыған ұқсас құрылымдардың әлемдік тәжірибесіне сай атқарылады.
Есептік кезеңде Уәкілетті өкілдің аймақтардағы өкілдері 315 мекемеге барып, бірқатар жүйелі проблемаларды анықтады. Атап айтқанда, медициналық қызметтердің шектеулі болуы, санитарлық жағдайдың нашарлығы, ғимараттарды жөндеу қажеттілігі, электронды өтініш беру жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі және сотталғандарды жұмыспен қамту мәселелері өзекті күйінде қалып отыр. Тексеру нәтижесінде 924 ұсыным беріліп, оның 605-і орындалды. 169 қызметкер тәртіптік, 41 қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 2 қылмыстық іс қозғалды, -дейді Абдолов.
Омбудсмен құқығы бұзылған азаматтардан бөлек үкіметтік емес ұйымдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, халықаралық ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Уәкілдің жұмысының негізгі қағидалары: жариялылық, әділдік және бейтараптық. Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталық өз қызметінде Ұлттық превентивтік тетіктің (ҰПТ) мүшелері тығыз жұмыс жасайды. Биыл Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ұсынымдары негізінде жергілікті атқарушы органдар ҰПТ аралауы барысында анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі жол картасын бекітті. Құжатта интернаттық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту және оларды қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету шаралары да көзделген.