Балауса ықшам ауданында 600 орындық жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Үш қабатты білім ордасы толықтай заманауи үлгіде салынған. Мұнда қажетті барлық соңғы үлгідегі керек-жарақтармен қамтамасыз етілген. Ғимараттың ішінде пәндік кабинеттер, мәжіліс пен спорт залдары, асхана, медициналық бөлме бар.
Жаңа білім ордасының ашылу салтанатына Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи қатысып, мектеп ұжымын, оқушылар мен ата-аналарды айтулы оқиғамен құттықтады.
Білім саласын дамыту өскелең ұрпаққа тәрбие мен сапалы білім беру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Ол Президентіміздің тапсырмасына сәйкес үкіметтің қолдауымен өңірімізде белсенді жүзеге асырылып келе жатыр. Бүгіннің өзінде қала тарихында ешқашан болмаған мектеп салу қарқынды жүргізілуде. Қазір қаламызда 8 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Олар Дамбы, Жаңаталап, Талғайран, Ақжар-2, Көктем, Бірлік, Еркінқала елді мекенінде. Биыл осы мектептердің барлығы іске қосылады деп жоспарлап отырмыз. Осылайша қаладағы үш ауысымдық мектептердің санын азаяды деген үміттеміз. Одан бөлек, биыл Президентіміздің «Жайлы мектеп» жобасы аясында 5 мектептің құрылысы басталғалы отыр. Мақсат - балалардың тұрғылықты жері бойынша балабақша, мектепке баруына ыңғайлы жағдай жасау. Білім нысандарын жеткілікті деңгейде көбейту. Жаңа мектеп құтты болсын! Балаларға сапалы білім мен жоғары деңгейдегі тәрбиені берсін,- деді М.Қалауи.
Жалпы білім беретін №43 орта мектебінің директоры Гүлжан Қайыржанованың сөзінше, бүгінгі таңда М.Өтемісов атындағы орта мектептен 1-4 сыныптың 203 оқушысы мен 5 мұғалімі аусып келген. Ал жоғары сынып оқушыларын қабылдау мұғалім толықтырылғасын жүзеге асады. Бүгінде мектепке 50 қызметкер мен 44 мұғалім қажет етіліп отыр. Олар конкурс нәтижесімен қабылданбақ. Конкурс «Еңбек.кз» сайтына жарияланған.
Айта кетейік, қазіргі уақытта 611 оқушы мектепте тіркеулі болса, мектеп алды даярлық тобына 45 бала жазылған.