Атырауда 5 жылда 7 млн ағаш егіледі

16 Наурыз 2021, 14:17
1980
Бөлісу:
Атырауда 5 жылда 7 млн ағаш егіледі

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау қаласы халқының 70 пайызы Жайықтың суын тұтынады. Алайда өзен суының көлемі екі есеге азайды. Мамандар бұл жауын-шашынның аздығы, яғни табиғи құбылыстың әсерінен екенін айтады. Қазір Ресей мен Қазақстан елі арасында осы өзенді қалыпқа келтіру мақсатында келісім жасалған.

Ресей елі мен Қазақстан арасында Жайықты жақсарту бағытында келісім жасалды. Мұнда тек бағдарламалар ғана емес, ғылыми зерттеу жұмыстары іске асады. Ресей еліндегі су қоймаларының жұмысы мен көктемгі ағыс кезіндегі судың мөлшері реттеледі. Осы жобалар іске асатын болса, Жайықты қалыпты деңгейде ұстауға мол мүмкіндік бар. Бұдан басқа біз өзеннің арнасын ескі-құсқы заттардан, қоқыстан тазалау жұмыстарын жасаймыз. Сонымен қатар, аудандарымыздағы Ойыл, Жем, Сағыз өзендерінің де жайы мәз емес. Аудан халқы судан тапшылық көріп жатыр. Жуырда облысқа осы мәселелер бойынша су мамандары келді. Халықпен жүздесті. Бұл өзендердің де құрғауына табиғаттың құбылысы әсер еткенін айтып отыр. Мамыр айында осы облыстағы өзендерге су мамандарымен, ғалымдармен экспедиция ұйымдаструды жоспарлап отырмыз, - дейді Атырау облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадіржан Арыстан.

Ресейден бастау алатын Жайықтың қазіргі жағдайына экологтар дабыл қағып жатыр. Сондай-ақ, жуырда Орынбор облысында үлкен су қоймасы салынады деген ақпарат та атыраулықтарды алаңдатып отыр. Алайда басқарма басшысы екі ел бірігіп, қоймалар арқылы су ағысын ұстап қалмаса, ол Каспий теңізіне де жергілікті халыққа да пайдасы болмай қалады дегенді айтты. Сонымен қатар, басқарма басшысы Атырау облысын көгалдандыру бойынша жасалып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды.

Қазір облыстық әкімдікте кешенді жоспар жасалды. Атырау облысында 5 жылда 7 миллион ағаш егіліп, орман алқаптарын жасау жоспарлануда. Бізде 4 орман мекемесі бар. Олармен өндірістік жоспар жасақталып, тапсырма берілді. 2021 жылы облыста 309 гектар жерге 905 мың тал егілуі қажет. Бұл үлкен жоба. Ол егілген тал-теректі күтіп ұстау, суару жұмыстары да бар. Қазір жергілікті бюджеттен қаражат қаралып жатыр. Сонымен қатар, өңірлік жоспарларымыз бар. Ол - елді мекендерді көгалдандыру. Атырау қаласы мен 7 ауданға 540 мың тал отырғызылуы керек. Олардағы әкімдіктер өз жоспарларын ұсынды. Біз оның барлығын Экология министрлігіне бердік. Келісім жүріп жатыр, - деді Қадіржан Арыстан.

Өзгелердің жаңалығы