Көктемде облыс орталығында өткен жылы басталған аулаларды абаттандыру жұмыстары жалғасады. Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи 6 млрд теңгеге жуық сомадағы жобаға көппәтерлі үйлердің 100 мекенжайы енгізілгенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ azh.kz-ке сілтеме жасап.
Жұмыстарды үш мердігер ұйым – «Риголит» ЖШС, «АтырауКөлік», Sheberbuld ЖШС-лері жүргізеді және олар жыл соңына дейін аяқталады.
Бұдан басқа, биыл тағы 150 ауланы абаттандыруға кірісеміз, ол бойынша қазір жобалық-сметалық құжаттар жасақталып жатыр. Бұлар – ескі ойын алаңдары мен спорттық-жаттығу алаңдарын жөндеу немесе жаңадан орнату, аулаішілік өткелдер мен жаяу жүргіншілер жолының асфальтбетон төсемдерін жаңарту, заманауи жарықтандыру шамдарын, орындық және қоқыс жәшіктерін орнату. Кей жерде кәріз жүйесін ауыстыру қарастырылған. Сондай-ақ балаларға арналған шағын сәулет пішіндері түріндегі көркемдік-декоративті элементтерді орнатуды жоспарлап отырмыз. Бұл жоба 2024 жылы аяқталады және көпқабатты үйлердің барлық аулаларын дерлік қамтиды, - деді әкім.