Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау және Астрахан облыстарының шекарасында шекара қоршауларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Атырау облысы Құрманғазы ауданы әкімдігінің Instagram-дағы парақшасында жазылды.
Биыл 14 сәуірде Құрманғазы ауданының Көптоғай ауылында Қазақстан мен Ресей шекарасында жаңа шекаралық қоршау салу жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта 2005 жылғы 18 қаңтарда Мәскеуде қол қойылған «Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісімі» бойынша екі ел арасында шекара белдеуі орнатылуда. Ал демаркациялық жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Шекара аумағында жаңа қоршаулар тұрғызу жұмыстарын 2016-әскери бөлімі жүргізуде.
Бұл жұмыстар қазір емес, бұрын басталуы тиіс еді. Бірақ әртүрлі себептермен жүргізілмей келді. Тек биылғы жылдың 14 сәуірінде шекарашылар құрылыс жұмыстарына кірісті. Шекара қоршауы жұмыстары жүргізілмес бұрын, 13 сәуірде әкімдік, шекара қызметі мен құқық қорғау органдарының өкілдері Көптоғай ауылының тұрғындарымен кездесіп, жұмыстардың заңдылығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатын. Сондай-ақ шекара қызметі мен құқық қорғау органдары да жасалып жатқан жұмыстардың заңдылығын ұғындырды, - деді Құрманғазы ауданының әкімі Марат Мурзиев.ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері түсіндіргендей, «2013 жылдың мамыр айында орнатылған №23 және №24 шекаралық белгілер арасындағы металл қоршаулар РФ аумағына қарай 10-70 метр аралықта орналасқан».
Қазір Ресей Федерациясының аумағында орналасқан ұзындығы 1800 метр қоршауларды тұрғызу үшін инженерлік жұмыстарды Көптоғай ауылында жүргізіледі.